Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Астана қаласындағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің «Жаңа Конституция – әділетті және прогрессивті Қазақстанның берік негізі» атты жалпы республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Парламент депутаттары, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, ҚХА қоғамдық құрылымдары, «Ассамблея жастары» өкілдері және сарапшылар қатысты.
Сондай-ақ өңірлік Достық үйлері іс-шараға онлайн форматта қосылып, форум жұмысына ел аумағының кең көлемде қатысуы қамтамасыз етілді.
Жиын барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары талқыланып, олардың мемлекет дамуы үшін стратегиялық маңызы атап өтілді. Қатысушылар қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, этносаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ елдің орнықты әрі жүйелі өркендеуіне құқықтық негіз қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға айрықша мән берілді. Спикерлердің пікірінше, Жаңа Конституцияны қабылдау – саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам әрі ұзақ мерзімді даму үшін берік құқықтық тұғыр болмақ.
Форумда құжаттың кең қоғамдық талқылаудан өткендігі және азаматтардың оны қалыптастыру процесіне белсенді қатысқаны атап өтілді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар Жаңа Конституция жобасын және Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды бірауыздан қолдайтындарын мәлімдеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қоғаммен ашық диалог жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Сондай-ақ отандастарды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысып, азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды.