Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот басталды фото

18.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Қайғылы оқиға былтыр күзде тоғыз қабатты үй қасбетінің бір бөлігі құлаған кезде болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.

Процеске екі мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов пен Саяжан Серікова, қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешенқұлова және марқұмның жұбайы Әділет Зейнел қатысып жатыр.

Сотталушылар орындығында қайғылы жағдай болған үйдің МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) төрағасы отыр. Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің журналистерге хабарлауынша, іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы – "Міндеттерге адал қарамау" бойынша қаралып жатыр.

Сот ғимараты/Фото © Tengrinews.kz/Нұрлан Әлжабаев

Адвокат Нұрсұлтан Орынбеков/Фото © Tengrinews.kz/Нұрлан Әлжабаев

Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнеп/Фото © Tengrinews.kz/Нұрлан Әлжабаев

Ұлдана Мырзуанның қазасы

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олар №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды.

Бір пациенттің жағдайы өте ауыр болып, оған ота жасалды. Тағы екеуі жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Қалған екеуі бөлімшеге ауыстырылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.

Ең ауыр жарақат алған пациент - оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан болып шықты. Қыздың туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке ұмтылған. Ол жерде бала, оның анасы және олардың туысы болған. Ұлдана зардап шеккендерге қарай жүгірген кезде, "үстіне кірпіштер мен кондиционердің бекіткіш құрылғысы құлаған". 18 қарашада ол ауруханада қайтыс болды.

Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы "Сапасыз құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейінірек істе тағы бір бап пайда болды – 306-бап "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету".

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі, жанқиярлығы және міндетін үлгілі атқарғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Қазақстандықтар жедел жәрдем фельдшерімен қалай қоштасқаны туралы біздің материалда.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшманов

Бұған дейін ІІМ тергеу амалдары жалғасып жатқанын және ведомство тағайындалған сараптама қорытындыларын күтіп отырғанын мәлімдеген болатын.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью