Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Дератизация жұмыстарының бірінші кезеңі 15 наурызда басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады. Бұл кезеңде негізінен тұрғын алаптары өңделеді. Сонымен қатар бекітілген аумақтарда жұмыстарды мүліктің меншік иелері бірлестігі (МИБ/ПИК) және шағын, орта бизнес өкілдері жүргізеді.
Қаланың барлық субъектілерінің қатысуы дератизацияның тиімділігі үшін маңызды саналады. Сондықтан МИБ/ПИК пен кәсіпкерлер тиісті жұмыстарды 15 сәуірге дейін аяқтауы қажет.
Екінші кезең 15 сәуірден 15 мамырға дейін созылады. Бұл кезеңде ашық аумақтар – парктер, скверлер, жағалаулар және басқа да қоғамдық кеңістіктер өңделеді. Жалпы өңделетін аумақ көлемі шамамен 8 мың гектарды құрайды.
Мамандардың айтуынша, кеміргіштер экожүйенің құрамдас бөлігі болғанымен, олардың санын қауіпсіз әдістермен реттеу қажет. Тұрғындардан өтініштер көбінесе көктем мен күзде, яғни жануарлардың маусымдық белсенділігі кезінде түседі. Көктемде кеміргіштер өз індерінен шығып, күзде қайта оралады.
Өтініштердің басым бөлігі құрылыс қарқынды жүріп жатқан аудандардан келеді. Жаңа аумақтарды игеру кезінде кеміргіштердің табиғи мекен ету ортасы бұзылып, олар тұрғын аймақтарға жақындайды.
Фото: Астана әкімдігіАғымдағы науқан аясында шамамен 28 мың жеке үй аумағында дератизация жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, ашық аумақтарда арнайы кедергiлік аймақтар орнатылады.
Мүліктің меншік иелері бірлестіктерімен өзара әрекеттесуге ерекше назар аударылады. Қалада дератизация қызметін көрсететін 29 лицензияланған компания бар. Басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, келісімшарттардың осы ұйымдармен жасалуын және маусымдық өңдеу мерзімдерінің сақталуын талап етеді.
Көпқабатты тұрғын үйлерде жағдай бөлек қарастырылады. Тұрғындар кеміргіштердің пайда болуын көбіне қоқыс алаңдарымен байланыстырады. Мамандар контейнер алаңдарының таралу көзі емес екенін, олар тек азықтану орны екенін, ал негізгі ошақтардың – жертөле мен індерінің орналасқан жері екенін түсіндіреді.
Сондықтан дератизация кешенді түрде жүргізілуі тиіс: қоқысты тұрақты шығару, жертөлелер мен қоса орналасқан аумақтарды өңдеу, сондай-ақ коммуналдық қызметтер мен МИБ арасындағы үйлестіру қажет.
Қоршаған ортаны қорғау басқармасының ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаевтың айтуынша, жүйелі тәсіл мен бірлескен жұмыс кеміргіштердің санын тиімді бақылауға алып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада кеміргіштерге қарсы көктемгі күрес науқаны басталғанын жазған едік.