Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Астана қаласы мәслихатының депутаттары ашық диалог форматында өткен отырыста Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының жобасын талқылады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кездесу барысында жаңа Ата заң жобасына қатысты баяндамалар жасалып, пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Қатысушылар Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басып отырғанын атап өтіп, конституциялық өзгерістер қазіргі қоғамдық сұраныстарға арналған заңды әрі уақытылы қадам екенін жеткізді. Жаңа Конституция жобасы кәсіби әрі өкілді форматта, яғни заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар, азаматтық қоғам, бизнес пен мәдениет саласы өкілдерінің қатысуымен әзірленген. Сонымен қатар аумақтық және гендерлік толық сақталған.
Процестің ашықтығына ерекше мән берілді. Конституциялық комиссияның отырыстары жария түрде өтті, онлайн-трансляциялар ұйымдастырылып, талқылаулар цифрлық платформаларға шығарылды.
«Реформаның өзегінде – адам, оның құқықтары мен бостандықтары, әділеттілік пен биліктің жауапкершілігі тұр. Конституция тек басқару жүйесін реттейтін құжат қана емес, елдің орнықты дамуын қамтамасыз ететін негізгі тетік болуы тиіс. Негізгі бағыттардың қатарында заң шығарушы биліктің рөлін күшейту, парламенттік бақылау тетіктерін кеңейту, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау процесіне белсенді араласуын қамтамасыз ету бар», – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Ал депутат Азамат Айтқожин жаңашылдықтардың мәніне тоқталды.
«Негізгі жаңалықтардың қатарында Жоғарғы сот төрағасының өкілеттік мерзімін шектеу ғана емес, сондай-ақ жоғары сот және қадағалау органдары басшыларын тағайындаудың ашық әрі айқын тәртібін енгізу бар. Сонымен бірге адвокатура институты алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр», – деп түсіндірді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер азаматтардың білікті заң көмегіне қол жеткізуіне қосымша кепілдіктер береді және сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтады.
«Бұл бастамалар үш негізгі мақсатқа бағытталған: жоғары сот органдары қызметінің ашықтығын арттыру, басшылардың институционалдық жауапкершілігін күшейту және әрбір азамат үшін қолжетімді әрі әділ сот төрелігін қамтамасыз ету», – деп толықтырды халық қалаулысы.
Талқылау барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы парламентінің жаңа моделі – Құрылтай институтына да ерекше назар аударды.
«Конституциялық реформа жөніндегі комиссия азаматтардың, саяси партиялардың, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары негізінде дайындалған Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын жариялады. Құжат Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Онда халықтың өзекті құндылықтары көрініс тауып, адам құқықтары, білім, ғылым, мәдениет пен инновациялар елдің басты капиталы ретінде айқындалған.
Жобада адвокатура институты, Халық кеңесі арқылы жүзеге асатын жалпыұлттық диалог, вице-президент лауазымы, сондай-ақ кеңейтілген өкілеттіктері бар және пропорционалды сайлау жүйесіне негізделген парламенттің жаңа құрылымы – Құрылтай бекітілген.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтарына, цифрлық ортаға, білім берудің зайырлы сипатына және дәстүрлі құндылықтарды қорғауға айрықша көңіл бөлінген. Жоба e-Otinish және eGov порталдарында талқыланып, соңғы шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды», – деп нақтылады депутат Асқар Смағұлов.
Жиын соңында депутаттар ұсынылып отырған реформаларды тұрғындар арасында кеңінен талқылауға, еңбек ұжымдарында және қоғамдық орындарда түсіндіру жүргізуге шақырды.
«Бұл үдерісте әрбір азаматтың дауысы бұрынғыдан да маңызды. Жаңартылған Ата заңның маңызын халыққа жеткізіп, құжатта көрініс тапқан барлық ұсыныс пен бастаманы сайлаушылармен, еңбек ұжымдарымен және қала тұрғындарымен жан-жақты талқылау қажет», – деп атап өтті депутат Владислав Сергеев.