Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Нәзір Төреқұлов атындағы елордалық №35 мектеп-лицейінде «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шара қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат, Алаш қозғалысының өкілі және КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұловтың мұрасына арналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Салтанатты жиын аясында қайраткердің өмірі мен дипломатиялық қызметіне арналған музейдің ашылуы және мектеп аумағында кеуде мүсінінің тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның мұрасы талқыланды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев жиналған қауымға сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ермек Көшербаевтың атынан құттықтау хатын оқып берді.
«Нәзір Төреқұлов – мемлекетшілдіктің биік деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада қазақ дипломатиясының іргетасын қалаған айтулы қайраткер. Оның парасаты мен білімі, ел алдындағы жауапкершілігі мен адамдық арына адалдағы – бүгін жас ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің жарқын үлгісі», – делінген министрдің жолдауында.
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар, дипломатиялық қызмет ардагерлері мен қайраткердің ұрпақтары қатысты. Қонақтар Түркістан музейі ұйымдастырған «Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұлов» атты көшпелі көрмені тамашалады.
Ұйымдастырушылар – Нәзір Төреқұлов атындағы Халықаралық қайырымдылық қоры өкілдерінің айтуынша, бұл іс-шара жас ұрпаққа ұлттық мүдделерді қорғаудың шынайы үлгісін көрсетуге және отандық дипломатия тарихын тереңірек түсінуге бірегей мүмкіндік берді.