Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды

09.09.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Елордадағы жинау пунктінде 35 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оларды шығарып салуға елорда әкімдігінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның өкілдері, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Әскерге алынған азаматтарға бұл күн ерекше болды. Алда әскери ұжым, жауынгерлік даярлық, жауапкершілік пен жаңа міндеттер тұр. Мұның бәрі олардың өмірінің маңызды бөлігіне айналары сөзсіз.

– Бүгін сендер ересек өмірге маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери қызмет сендерді сабырлылыққа, тәртіпке және бір-біріңе қолдау көрсетуге үйретеді. Әскери форманы абыроймен киіп, командирлерің мен қаруластарыңды құрметтеңдер. Әскери міндеттеріңді адал атқарыңдар. Әрқайсың Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп, үйге шыңдалып, есейіп, жаңа өмірлік тәжірибе жинақтап, аман-есен оралуларыңа тілектеспін, – деді әскерге жаңа алынғандарға арнаған сөзінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

Әскери қызметке аттанғандардың қатарында Бисен Алимат та бар. Бисен үшін әскерге бару – жаңа білім алып, әскери мамандықты меңгеруге және өмірдің маңызды мектебінен өтуге мүмкіндік.

 – Бұл қадам – мен үшін әрине, өте жауапты қадам. Дегенмен, осы жолдан өтуге дайынмын. Әскери мамандықты меңгеріп, тәртіпті әрі шыңдалған азамат болғым келеді. Жақсы достар тапқым келеді. Ең бастысы – Отаным мен отбасым алдындағы әскери борышымды абыроймен өтеу, – деді ол.

Әскерге шақырылушының анасы Гүлмира Сәрсеноваға да бұл күн ерекше әсерге толы күн болды.  

 – Әр анаға әскерге ұлын шығарып салу оңай емес. Дегенмен мен бүгін ұлыма мақтанышпен қарап тұрмын. Әскери қызметін жақсы өткеріп, мықты әрі жауапты азамат болып оралуына тілектеспін. Ең бастысы – денсаулығын сақтап, үйде оны жақсы көретін және әрдайым күтетін жандар бар екенін ұмытпасын, – деді Г. Сәрсенова.

Іс-шара соңында Ұлттық ұланның әскери оркестрі мен ансамблі әскерге шақырылушылардың, олардың туған-туыстары мен қонақтардың алдында өнер көрсетті. Биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Астанадан Қарулы күштер қатарына 1400 азамат шақырылатынын естеріңізге сала кетейік.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью