Астанада LRT пойыздарының неге тоқтап қалғаны түсіндірілді

17.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Әлеуметтік желіде Астанадағы жаңа көлік түрі — LRT пойызының қозғалыссыз тұрғаны түсірілген видеолар тарады. Қала тұрғындары бұған қатысты «LRT іске қосылмай жатып тоқтап қалды» деп әзілдеп жатыр.

CTS баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Компания мәліметінше, LRT желісінде жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзған жекелеген жағдайлары тіркелген. Мұндай әрекеттер апатты жағдайға және пойыз қозғалысының уақытша кідіруіне әкелуі мүмкін.

Атап айтқанда, кейбір жолаушылар:

станса платформасындағы шұғыл тежеу батырмасын себепсіз басқан; пойыз ішіндегі қорғаныш әйнектің артында орналасқан платформалық есіктерді шұғыл ашу батырмасын іске қосқан; вагон есігін ішінен өз бетінше ашуға тырысқан; есік жабылар кезде қолын арасына салып, оның жабылуына әдейі кедергі келтірген.

Компанияның хабарлауынша, LRT жүйесі толық автоматтандырылған. Сондықтан мұндай әрекеттердің кез келгені жүйе тарапынан қауіпсіздікке ықтимал қатер ретінде қабылданады. Соның салдарынан пойыз автоматты түрде тоқтап, диспетчерлік орталық қосымша тексеріс жүргізеді.

CTS жолаушыларды LRT пайдалану ережелерін сақтауға шақырды.

Компания желінің электр кернеуінде тұрғанын еске салды. Әр құрамның ішінде LRT пойызының операторы болады. Қажет болған жағдайда есіктер электр қуаты ажыратылғаннан кейін ғана ашылады.

CTS мәліметінше, тәртіп бұзған адамдар стансалар мен вагондар ішіндегі бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Анықталған деректер құқық қорғау органдарына жолданады. Компания мұндай әрекеттер жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, LRT жұмысының тұрақтылығына әсер ететінін мәлімдеді.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью