Астанада мектеп директоры мен есепшісі 600 млн теңге жымқырды

02.03.2026

Arasha.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Астанадағы №81 мектеп-гимназиясында орын алған ірі қаржылық жымқыру оқиғасы бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Он жылдан астам уақыт бойы «Astana English school» мекемесін басқарған 65 жастағы Гүлнар Садықова мен оның 41 жастағы бас есепшісі Айжан Атжанова мемлекетке 600 миллион теңгеге жуық шығын келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен отырыста білім ошағын жеке бизнеске айналдырған басшылардың бірнеше жыл бойы жүзеге асырған қылмыстық схемалары егжей-тегжейлі баяндалды.

Тергеу мәліметтері бойынша мектепте ұзақ уақыт бойы «өлі жандар» жұмыс істеген. Атап айтқанда алты адам түрлі штаттық бірліктерге ресми түрде тіркелгенімен іс жүзінде жұмыс орнында мүлдем болмаған. Олардың атына аударылып отырған 28 миллион теңгеден астам жалақыны директор өз пайдасына жаратып келген. Бұдан бөлек мектепке дейінгі білім беру лицензиясы болмаса да заңсыз түрде нөлдік сыныптар ашылған. Ата-аналардан оқу ақысы тек қолма-қол ақша түрінде қабылданып отырған. Осы заңсыз әрекеттің салдарынан мектепке келген шығын көлемі 300 миллион теңгеден асып жығылды, деп жазды Kozachkov offside телеграм арнасы.

Дәл осындай заңсыз схема жазғы лагерьлерді ұйымдастыру кезінде де қолданылған. Директор бұл жерде де ақшаның тек қолма-қол төленуін талап етіп Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше 24 миллион теңге пайда тапқан. Мектептің шет тілдерін тереңдетіп оқыту бағытын пайдаланған басшылық шетелдік мұғалімдерді жоғары жалақымен жұмысқа шақырған болып көрініп оларға бөлінген қаржының 75 миллион теңгеге жуық бөлігін жымқырған. Бұл махинациялардың барлығына қатысы бар бас есепші Атжанованың жеке шоттары арқылы жалпы сомасы 175 миллион теңге заңсыз өткені дәлелденді.

Сот процесі кезінде айыпталушылар өз кінәларын ішінара ғана мойындап заңсыз жиналған қаражатты мектептің шаруашылық мұқтаждықтарына, соның ішінде терезе перделерін жаңарту сияқты жұмыстарға жұмсадық деп мәлімдеді. Алайда судья Әсел Мұқышева жиналған дәлелдер негізінде сотталушылардың мемлекет қаржысын иемдену, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру фактілерін толық растады.

Сот үкімімен Гүлнар Садықова 8 жылға бас бостандығынан айырылып оның 500 шаршы метрлік зәулім үйі мен ондаған қымбат сөмкелері мен зергерлік бұйымдары тәркіленді. Ал бас есепші Айжан Атжанова 7 жылға түрмеге кесіліп оның жеңіл көлігі мен коммерциялық нысаны мемлекет меншігіне алынды. Қазіргі таңда сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью