Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, әріптесін ілтипатпен қарсы алған Аида Балаева Моңғолия Мемлекет басшысының сапары екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары архив ісі, мәдениет, әдебиет және креативті индустриялар бағыттарындағы өзара ықпалдастықты дамытудың маңызын ерекше атап өтті.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіСонымен қатар Моңғолия архив қорларын қазақстандық ғалымдардың қатысуымен бірлесіп зерделеу, суретшілердің өзара көрмелерін ұйымдастыру, әдеби байланыстарды кеңейту, сондай-ақ бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары Моңғолия министрін 19-20 мамыр күндері Астанада өтетін «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Алдаржавхлан Жуковын да серіктестікті одан әрі нығайтуға және барлық негізгі бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік бар екенін растады.
Сондай-ақ, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында Моңғолия Ұлттық академиялық үлкен өнер театрының «Моңғолияның әсем отаны» атты концерті өтті.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіІс-шара Моңғолия Президентінің мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды. Концерттің ашылуында сөз сөйлеген Аида Балаева Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар жаңа мазмұнмен толығып, ауқымы арта түскенін атап өтті.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі— Мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында да нақты нәтижелер бар. «Архив — 2025» жоспары аясында Моңғолиядан Қазақстанға жүзге жуық фотоқұжат пен кинофильмнің көшірмесі жеткізіліп, ортақ тарихымызды тереңірек тануға мүмкіндік берді. Кітап және әдеби байланыстар да ерекше қарқын алып отыр. Өткен жылы Моңғолияның көрнекті қаламгерінің «Ламалардың қанды қырғыны» атты тарихи романы 3 мың данада қазақ тілінде жарық көріп, ел кітапханаларына жол тартты, — деді Аида Балаева.
Өз кезегінде Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрі концертті ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа шынайы ризашылығын білдіріп, бұл мәдени іс-шараның екі ел арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі— 2024 жылы екі министрлік ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасап, мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық одан әрі кеңейіп, дамып келе жатқанын қуана атап өтемін. Бүгінгі концерттік бағдарламада ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мұраларының өкілдік тізіміне енген моңғол халқының ұлттық өнерлері — морин хуур мен көмей әні сияқты өнер түрлерін назарларыңызға ұсынамыз, — деді Алдаржавхлан Жуковын.
Концерт бағдарламасында моңғол өнерінің таңдаулы туындылары ұсынылды. Сонымен қатар іс-шара аясында Моңғолияның дәстүрлі тұрмысы мен көшпелі мәдениетіне арналған көрме, сондай-ақ Шыңғыс хан, Жошы хан және Сүбедейдің портреттері қойылған көркем экспозиция ұйымдастырылды. Кеш соңында әртістерге Қазақстан мен Моңғолия президенттерінің атынан ықылас гүлдері табысталды.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігіОсыдан бұрын Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізіп, 13 құжатқа қол қойғанын жаздық.