Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
АЛМАТЫ, 10 мамыр – Sputnik. Астанада полиция қызметкерлері зейнеткердің 13 миллион теңгесін сақтап қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтар арбаған қарияның жасы – 88-де. Олар өзін түрлі мекеме қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерді барлық жинақ ақшасын шешіп алуға көндірмек болған.
"Банк қызметкері 88 жастағы клиенттің телефон арқылы белгісіз адамдармен үздіксіз сөйлесіп отырғанын байқаған. Әйелдің күмәнді нұсқауларды орындап жатқанын аңғарып, дереу полицияға хабар берді", – дейді полиция.
Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары зейнеткердің алаяқтық схеманың құрбаны болғанын анықтаған.
"Олардың нұсқауы бойынша зейнеткер депозиттік шотынан 7 миллион теңгені шешіп үлгерген. Алаяқтар оған әрбір банкнотты санап, ақшаны бөлек пакеттерге салуды тапсырған. Сондай-ақ олар қолма-қол ақшаны алуға арнайы қызметкер келетінін, қаражаттың қауіпсіздігі үшін оны уақытша алып кететінін айтқан", – дейді полиция.
Бұдан бөлек, алаяқтар әйелді басқа банк бөлімшесінен тағы 6 миллион теңге шешіп алуға және үйіндегі барлық қолма-қол ақшаны жинауға көндірмек болған. Алайда полиция мен банк қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында зейнеткердің 13 миллион теңгесі өзінде қалды.