Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Бұған дейін блогер аталған видеоны өзінің Instagram парақшасында жариялаған болатын.
"Пранк бақылаудан шығып кетті... Барлық актерлер кәсіби түрде дайындалған. Мұндай видеоларды қайталамаңыздар", – деп жазған ол жарияланымының астында.
30 маусым күні Біржан Әубәкіровтің қамауға алынғаны белгілі болды.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жас жігіттің полиция қызметкерінің қызметтік формасын киіп, өзін әскери комиссариаттың қызметкері ретінде таныстырып, көшеде кетіп бара жатқан адамды әзіл ретінде алдаған видеосы анықталған.
Видеода "әскерге шақырылушы" қашып кетуге әрекет жасап, қашып бара жатып суға секірген. Кейін оны дер кезінде құтқарып алған. Оқиғаның бейнесін автор әлеуметтік желіге көңіл көтеруге арналған контент ретінде жариялаған.
Полицейлер видеоны жариялаған адамның жеке басын анықтап, оны ұстап, полиция бөліміне жеткізген.
"Ұсақ бұзақылық жасағаны және айырым белгілері бар арнайы қызметтік киімді заңсыз кигені үшін 27 жастағы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды", – деп мәлімдеді Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ пранкке қатысқан екінші адамның кәмелетке толмаған жасөспірім екені анықталды. Ол видео авторымен алдын ала келісіп, түсірілімге әдейі қатысқан.
"Онымен мұндай әрекеттерге қатысуға болмайтыны туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді", – деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшылары қазақстандықтарға әлеуметтік желіде қаралым мен танымалдық үшін адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар жасаудың жол берілмейтінін ескертті.
"Мұндай әрекеттер қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін әрі азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Осындай пранктарды ұйымдастыру әрекеттерінің барлығы дер кезінде тоқтатылып, кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады", – деп қорытындылады Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Justice Adilet лақап атымен танымал блогер Әділет Қаликеев те полиция бөліміне жеткізілген болатын. Ол айырым белгілері бар арнайы қызметтік киімді заңсыз кигені және заңға қайшы контентті жариялап, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.