Астанада салынып жатқан президенттік кітапханада ауқымды жоба іске асуы мүмкін

09.10.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада салынып жатқан президенттік кітапханада ТМД кітапханасының алтын қорын ашуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Тоқаев бұл бастаманы бүгін ТМД басшылары кеңесінің отырысында жариялады. Президент алдымен жастардың оқуға құштарлығын қолдау қажеттігін ерекше айтты. Себебі кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады.

"Интернет үстемдік құрған, TikTok-менталитеті секілді құбылыс пайда болып, жастардың мінез-құлқы өзгерген заманда бұған мән бермесе болмайды. Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленді. "Ұлт оқитын 100 кітап" жобасы іске асырылып жатыр. Осы идеяны әрі қарай өрбітіп, халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған "ТМД кітапханасының алтын қорын" жасауды ұсынамын. Аталған қорды құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыруға болар еді", - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, жоба аясында кәсіби аударманы да қамтып, көпшілік еркін пайдаланатын цифрлық кітапхана жасақтауға болады.

"Үздік әдеби шығармаларды насихаттау арқылы Достастық халықтарының тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын зерделеу мүмкіндігі жастарымыздың өзара түсіністігіне жол ашатыны, ең бастысы, қазіргі құбылмалы заманда ынтымағымызды нығайта түсетіні сөзсіз", – деді мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью