Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Астанада Ахмет Байтұрсынұлының портреті 5 мың шеге мен жіптен жасалды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Астаналық жас педагогтер Ахмет Байтұрсынұлының 154 жылдығына орай оның бейнесін заманауи өнермен өрнектеді. №48 мектеп-лицейінің ұстаздары String art технологиясы арқылы 5 мыңға жуық шеге мен 600 метр жіп пайдаланып, көлемі 3×2 метр болатын ерекше портрет-инсталляция жасады", - деп жазылған хабарламада.
Ерекше туындының идеясы мектептің жас педагогтерінен шыққан. Олар Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталған білім ордасында ұлт ұстазының мұрасын насихаттаудың өзгеше жолын ұсынған. Жобаны толық аяқтауға 14 күн уақыт кеткен.
"Жұмыстың алғашқы кезеңінде мұғалімдер арнайы дайындалған тақтайшаға проектордың көмегімен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін түсіріп, портреттің негізгі сұлбасын белгіледі. Кейін тақтайшаға бес мыңға жуық шеге қағылды. Ал одан кейін әр шегеге тоқылған жіптерді бір-бірімен байланыстыра отырып, портреттің бейнесі қалыптастырылды", - деп хабарлады әкімдік.
Әр жіптің өз орны мен бағыты мұқият есептеліп, нәтижесінде алыстан қарағанда тұтас портрет болып көрінетін әсерлі инсталляция дүниеге келген.
Жобаның ерекшелігі – оның тек көркем туынды ғана емес, мектептің рухани-мәдени кеңістігінің бір бөлігіне айналуында. Жас педагогтер дайын жұмысты мектеп музейіне тарту етті. Енді ерекше портрет-инсталляция білім ордасына келген оқушылар мен қонақтарға Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын заманауи өнер тілімен таныстыратын көрнекі нысан ретінде қызмет етеді.