Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
2026 жылғы 20 ақпанда Астана қаласындағы «ADD Table Tennis Center Astana» базасында Қазақстан спорт федерацияларының тарихында алғаш рет базалық жүрек-өкпе реанимациясы (ЖӨР) бойынша сертификатталған курс және автоматты сыртқы дефибрилляторды (AED) қолдану жөніндегі практикалық оқыту өткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараны Қазақстан үстел теннисі федерациясы корпоративтік қорының University Medical Center нұсқаушылар командасымен бірлесіп ұйымдастырды. Оқыту European Resuscitation Council халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізілді.
Практикалық курсқа жаттықтырушылар, төрешілер және спорт орталығының қызметкерлері қатысты. Қатысушылар заманауи манекендерде базалық жүрек-өкпе реанимациясының алгоритмдерін пысықтап, автоматты сыртқы дефибрилляторды қолдану тәсілдерін меңгерді және халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болды.
Әлеуметтік бастама және Қазақстан спортының дамуын қолдау аясында Mindray компаниясы спорт орталығына заманауи автоматты сыртқы дефибриллятор аппаратын табыстады.
Айта кету қажет, автоматты сыртқы дефибриллятордың (AED) болуы халықаралық жарыстарды өткізу кезінде қойылатын міндетті талаптардың бірі болып табылады. Спорт нысанын осындай жабдықпен қамтамасыз ету қолданыстағы халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді және шұғыл көмек көрсетуге дайындық деңгейін едәуір арттырады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Тимур Сайранұлы Капышев қатысып, бұл бастаманың жоғары сараптамалық деңгейін және ұлттық спорт жүйесі үшін маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында спортшылар арасындағы кенеттен болатын жүрек тоқтауы мәселесінің әлем бойынша, оның ішінде Қазақстанда да өзекті екені айтылды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жүрек тоқтаған алғашқы минуттарда уақытылы жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу және AED қолдану өмірді сақтап қалу мүмкіндігін бірнеше есе арттырады.
Қазақстан үстел теннисі федерациясының вице-президенті Жаннұр Қалиғожиннің айтуынша, федерация аталған тәжірибені еліміздің өзге өңірлеріне таратып, спорт нысандарында AED аппараттарын орнату және базалық реанимациялық көмек көрсету бойынша міндетті оқыту тәжірибесін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.
Оның сөзінше, спортшылардың, жаттықтырушылардың және көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету — Қазақстандағы спортты дамытудың заманауи моделінің ажырамас бөлігі.