Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 18 қазан - Sputnik. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл аяқталатын ірі жол жобалары туралы айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әкімнің айтуынша, биыл 50-ге жуық жол нысанында жұмыс жүріп жатыр, оның аясында жыл соңына дейін тағы 15 шақырым жол салынады. Бұл қаланың көлік қозғалысын жақсартып, көлік жиі қатынайтын жол учаскелеріндегі кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
"Тәуелсіздік көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі құрылысы" жобасы бойынша инженерлік желілерді, нақтырақ айтқанда, нөсер кәрізі желісі мен шаруашылық-тұрмыстық кәріз жүйесін, кабельдік арнаны, жылу трассасын және байланыс желілерін, сондай-ақ кәріз сорғы станциясын салу жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жол төсемін салу жұмысы қарқынды жүргізілуде", - дейді ол.
Аталған жобаны іске асыру Мәңгілік Ел мен Тұран даңғылдарындағы көлік кептелісін азайтуға, сол сияқты сол жағалаудағы құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан Хусейн бен Талал көшесі аумағын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қараша айының соңына дейін учаскенің бойында жолдың бір жағымен көлік қозғалысын толықтай қамтамасыз етуді жоспарланып отыр.
"Жангелдин көшесінің құрылысы Күмісбеков және Бейсекова көшелерінің арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді, сол сияқты №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және "Білім-Инновация" мектеп-интернатына көлікпен жетуді ыңғайлай түседі. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді жүргізу және жол төсемін салу жұмысы жүріп жатыр. Биыл 10 қарашаға дейін жобаның барлық учаскесінде көлік қозғалысын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - деп хабарлады қала басшысы.
Бұдан бөлек Тілендиев даңғылы мен Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салу" жобасы аясында құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Көпірдің металл конструкциясын құрастыру жұмысы толық аяқталды.
Қасымбектің мәліметінше, инженерлік коммуникацияларды тарту бойынша негізгі жұмыстың 90%-ы аяқталған. Су құбыры, шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәрізі желілері, жылу желілері мен байланыс желілері салынды.
"Сонымен қатар, Сейфуллин көшесі жағында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Аталған жобаны іске асыру Ақан сері, Қосшығұлұлы және Күмісбеков көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ Көктал мен Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары үшін көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жаңа жолайрық елорданың сол жағалауы мен Айтматов көшесі арқылы Үркер елді мекеніне апаратын бағыттағы қаланың оң жағалауын байланыстыратын көлік қозғалысын жақсартады", - дейді ол.
Сонымен қатар Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі учаскеде Абайдың 150 жылдығы көшесі салынып жатыр. Қазіргі уақытта жол төсемін салу жұмысы жүргізілуде.