Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
1 наурызында Есіл өзенінің айдынында мормышкамен балық аулаудан Астана қаласының чемпионаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дүбірлі шараны Астана қалалық спорттық балық аулау федерациясы ұйымдастырды. Сайыстың әділ өтуін және ережелердің қатаң сақталуын кәсіби төрешілер алқасы қадағалады. Бас төреші міндетін Бақытжан Әділбеков атқарса, хатшылық жұмысына Андрей Рогов жауапты болды, ал Данил Коротовский балық аулау аймақтарындағы тәртіпті бақылады. Ұйымдастыру комитеті дайындық жұмыстарын алдын ала толық көлемде аяқтады: өзен табанының бедері мен ағыс бағыты ескеріле отырып, аумақтар бөлінді, төрешілер штабы құрылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арналған кубоктар, медальдар мен грамоталар әзірленді.
Жарыс бағдарламасы қатысушыларды тіркеу, салтанатты ашылу рәсімі, құрал-саймандарды техникалық тексеру, тікелей аулау процесі, нәтижелерді есептеу және марапаттау кезеңдерін қамтыды. Барлық кезеңдер бекітілген регламентке сай, нақты әрі жүйелі түрде жүргізілді.
Спорттық нәтижелер
Наурыздың алғашқы күні рай беріп, ауа райы балықшыларға қолайлы болғанымен, турнир тартысты бәсеке мен спорттық құмарлық жағдайында өтті. Қатысушыларға жасалған жайлы жағдай олардың бар назарын аулау тактикасы мен техникасына аударуына мүмкіндік берді.
Шиеленісті бәсекенің қорытындысы бойынша Чемпионат жеңімпаздары анықталды:
* І орынды Абай Мұқанов иеленді.
* ІІ орынды Антон Радионов қанжығасына байлады.
* ІІІ орын Амангелді Салықовқа бұйырды.
* «Big Fish» (ең ірі балық аулағаны үшін) арнайы номинациясымен Вячеслав Байғожин марапатталды.
Жақсылыққа бағытталған спорт
Бұл чемпионаттың басты ерекшелігі – оның қайырымдылық сипатында болғандығы. Жарыс барысында ауланған барлық балық жануарлар панажайына өткізілді. Бұл ізгі миссияны Астана қалалық спорттық балық аулау федерациясының жастар қанаты – «Добро рулит» клубының еріктілері өз мойнына алды.
Сонымен қатар, клуб белсенділері сол күні тек жануарларға көмек көрсетумен шектелген жоқ. Олар қаламыздағы аз қамтылған отбасыларға арнап азық-түлік себеттерін әзірлеп, таратты. Осылайша, 1 наурыз күні Есіл жағасында екі маңызды іс тоғысты: мәртебелі спорттық дода жоғары деңгейде өтіп, мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетілді.
Астана қаласының спорттық балық аулау федерациясы барлық қатысушыларға, төрешілер мен еріктілерге алғыс айта отырып, Чемпионат жеңімпаздарын шын жүректен құттықтайды!