Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі ресми түрде «Tarlan Astana» деп аталды. Тиісті қаулыға қала әкімі қол қойды.
Жаңа атау беру туралы бастама LRT жүйесінің ресми ашылуынан кейін көтерілген болатын. Ашылу салтанаты 16 мамырда өтіп, оған Мемлекет басшысы да қатысты. Кейін, 5 маусымда өткен қалалық мәслихат отырысында жүйеге халыққа жеңіл айтылатын әрі есте сақтауға ыңғайлы атау беру мәселесі талқыланды.
Арнайы комиссия бірнеше нұсқаны қарастырды. Олардың қатарында «Сұңқар», «Лашын», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және басқа да атаулар болды. Талқылау қорытындысында комиссия мүшелері бірауыздан «Tarlan Astana» атауын қолдады.
26 маусымда Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа атауды бекіту туралы қаулыға қол қойды.
Құжатта: «Астананың жеңіл рельсті көлік жүйесіне Tarlan Astana атауы берілсін. Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы қажетті шараларды қабылдасын», – деп көрсетілген.
Қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары Есет Байкенге жүктелді.
Жаңа атау елорданың қоғамдық көлік жүйесінің брендтік келбетін қалыптастыруға және тұрғындар мен қала қонақтары үшін оны танымал әрі есте сақтауға жеңіл етуге бағытталған.