Астанадағы саммит жаңа кезеңнің бастауы ма

23.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Іс-шараға халықаралық сарапшылар, саясаткерлер мен ұйым өкілдері қатысып, климат өзгерісінің салдарын азайту, табиғи ресурстарды басқару және өңіраралық үйлестіру мәселелерін көтерді.

Саммитке қатысқан француз зерттеушісі, коммуникация профессоры Оливье Ариффон Орталық Азия бағыты бойынша сарапшы екенін атап өтті. Ол коммуникация саласында зерттеу жүргізіп, сараптамалық орталықтарға кеңес береді. Сондай-ақ соңғы жылдары Қазақстан туралы француз және ағылшын тілдерінде мақалалар жариялап жүр. Бұл туралы ол Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып, бұл бастаманың өңірлік деңгейде маңызына тоқталды.

Фото: Kazinform

Сарапшы климаттың өзгеруі бүгінде барлық елдерге ортақ әрі ең өзекті проблема екенін атап өтті.

– Әлем бойынша айтсақ, ең үлкен мәселе жаһандық жылыну, яғни климаттың өзгеруі. Бұл барлығына әсер ететін проблема: сізге де, маған да, әр елге де. Қазір су тасқындары, аптап ыстық, торнадо сияқты табиғи апаттар көбейді, мұның бәрі табиғатқа зиян келтіреді. Мұздықтар еріп жатыр. Сондықтан климат мәселесіндегі ең үлкен қауіп – климаттың өзгеруі. Кейбір адамдар бұл мәселе жоқ деп айтқысы келгенімен, бұл бүгінде бәріміз үшін нақты шындық, - деді ол.

Сонымен қатар профессор Оливье Ариффон саммиттің негізгі рөлі өңірлік деңгейде елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту екенін атап өтті.

– Бұл саммиттің рөлі бес Орталық Азия елін біріктіру, мүмкін Моңғолия мен Әзербайжанды да қосу, әрі БҰҰ сияқты жаһандық ойыншылармен және арнайы агенттіктермен ынтымақтастықты дамыту. Меніңше, бұл әр өңірдің өз ерекшеліктері бар екенін ескерсек, өңірлік қозғалыстың бастамасы, - деді ол сұхбат барысында.

Фото: Оливье Ариффонның жеке мұрағатынан

Сондай-ақ сарапшы экологиялық мәселелерді шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін айтып, үш негізгі бағытты атады.

– Экологиялық мәселелерді үш қырынан қарастыруға болады. Біріншісі, өнеркәсіп жаңа технологиялық шешімдер табуы керек. Екіншісі, саяси деңгей. Бұл жерде мемлекет басшылары мен үкіметтердің міндеті ережелер, стандарттар мен нормалар енгізу, даму моделін өзгерту. Үшіншісі, азаматтық қоғамның қатысуы. Өйткені фермерлер, балықшылар, шалғай аймақтардағы қарапайым халық та осы өзгерістерге тартылуы тиіс. Олар өздері таңдамаған өзгерістердің салдарынан дәстүрлі өмір салтын жоғалтпауы керек. Олар әрі мәселенің бір бөлігі, әрі шешімнің де бір бөлігі, - деп түсіндірді спикер. 

Оның айтуынша, қазіргі мұндай іс-шаралар көбіне пікір алмасу мен ортақ түсінік қалыптастыруға бағытталған.

– Шынын айтсақ, әзірге бұл көбіне талқылаулар деңгейінде. Мен нақты бағдарламалар мен шешімдерді көп естіген жоқпын. Бірақ кез келген мәселе алдымен талқылаудан басталады. Сондықтан бұл болашақта нақты нәтижелерге алып келетін бастама болуы мүмкін, - деп толықтырды ол. 

Фото: Оливье Ариффонның жеке мұрағатынан

Сарапшы мұндай саммиттердің басты нәтижелері мен тәуекелдеріне де назар аударды.

– Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Алдымен, елдер өздерін белсенді көрсетіп, өңірдің имиджін жақсарта алады. Екіншіден, әртүрлі мүдделі тараптарды біріктіру, байланыс орнату, идеялар мен білім алмасу. Үшіншісі, кейде саясатта «іс-шара өткізілді, демек бұл жетістік» деген көзқарас болады. Бірақ бұл тек формалды нәтиже болуы мүмкін, сондықтан бұған да сақтықпен қарау керек, - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Астанадағы өңірлік экологиялық саммит Орталық Азия елдері үшін климаттық күн тәртібін үйлестіруге және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға жол ашатын маңызды алаң ретінде бағаланады. Мұндай диалог форматтары ортақ түсінік қалыптастыруға және болашақ бірлескен бастамаларға негіз болуға мүмкіндік береді. Бұл қадам өңірдің экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар БҰҰ өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің ұйымдастырылуын оң бағалады.

Сондай-ақ қазіргі таңда әлем экологиялық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Бұл туралы ЭЫҰ шеңберіндегі экологиялық ынтымақтастық платформасы бойынша жоғары деңгейдегі алғашқы диалогта БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Өзбекстандағы Тұрақты өкілі Акико Фудзии мәлімдеді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью