Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Кезекті сот тыңдалымына куә ретінде Алматыдан блогер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза келді.
Дархан Жолшыбековтің сөзінше, ол Жанабылов отбасымен бес жылдан астам уақыт таныс. Айтуынша, ерлі-зайыптылар Жолшыбековтен ұтыс ойындары жөнінде ақпарат сұраған.
- 2025 жылдың көктемінде осындай әңгіме болды. Ол интернеттен менің лотерея өткізуге байланысты сот дауларына қатысқанымды көріп, қандай жаза алғанымды сұрады. Мен оған әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымды хабарладым, - деді Дархан Жолшыбеков.
Мұнан соң блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова куәгерге бұған дейін араларында жеке реніш немесе теріс көзқарас бар-жоғын сұрады.
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform— Нақты айта алмаймын. Болды ма, болмады ма — білмеймін, - деді блогер.
Одан кейін сот барысында куәгер ретінде Нұрбек Нұртаза сөз сөйледі.
Белгілі болғандай, бұған дейін Нұрбек Нұртаза жазылушыларына сатқан курстарда және Жанабыловтар ұсынған білім курстарында да спикер Әсет Ақбар болған. Осы тұста Эльмира Төлегенова курстардың бір-бірімен мазмұны жағынан ұқсастық бар-жоғын білгісі келді.
Нұртаза жеке өзі материалдарды зерттемегенін мәлімдеді.
- Мен сіздердің оқу курстарыңызды көрген жоқпын. Таныспағандықтан, ешқандай пайыздық баға бере алмаймын. Мен тек сарапшы Әсет Акбардың сөзіне сүйендім. Менің ойымша, кез келген Қытаймен бизнеске қатысты оқыту курстары негізінен ұқсас болады, – деді ол.
Екі куәгер де бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшаларында онлайн ұтыс ойындарын ұйымдастырған. Тергеу барысында олар бұл істері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Айта кетейік, 2025 жылы 11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың әрекеті Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі назарына іліккен болатын.
2025 жылғы 26 тамызда Ерболат Жанабыловқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Ал 2025 жылғы 16 қазанда блогерлерге қатысты әкімшілік сипаттағы іс қылмыстық өндіріске ауыстырылды.
Алайда 13 наурызда өткен алдын ала сот тыңдалымында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова істі прокуратураға қайтаруды сұраған. Сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Осы жылдың 16 наурызында блогерлерге қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталып, куәгерлер сөз сөйледі.