24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
«Бақыт» емес, бейнет.
Астанадағы «Сезім қала. Бақыт-10» кешенінің тұрғындары жаңа үйдің ескі дертінен шаршадық деп отыр. Ал жанайқайымызды осы үйді салған BI GROUP компаниясы естімейді дейді. Пәтер иелерінің сөзінше, тұрғын үйдегі лифтінің жиі істен шығуы әбден әбігерге салған. Оның үстіне кей пәтерлердің қабырғаларынан аяз сезіледі. Ал өрт кезінде дабыл жүйелерінің жұмыс істемеуі жығылғанға жұдырық болған.
Астананың сол жағалауында баспаналы болдық деп бақытты сезінген «Сезім қала. Бақыт-10» тұрғын кешені иелерінің қуанышы көпке созылмады. Пәтер кілттерін 2022 жылы алған олар бұл үйде мәселе шаш етектен болады деп те ойламаған.
9 қабатты тұрғын үйдегі басты проблема – ол лифт. Тұрғындардың сөзінше, жедел саты қауіп төндіріп тұрған орындардың бірі. Жиі бұзылып, тоқтап қалып жатады. Іште адам қалып қойған жағдайлар да бар – дейді, үрейі қашқан тұрғындар.
Гүлнәр Мұқышева, Астана қаласының тұрғыны:
- Менің балам осы лифтінің ішінде қалып қойған. BI-сервис барлығы жүріп әрең дегенде алып шықтық. Сол оқиғадан кейін менің балам лифтімен жүрмейді. Өзіміз 9-қабатта тұрамыз. Лифтімен түскенде 8 бен 9-қабат арасында қатты сілкіп түсесің. Әбден маза қашты. Тростары сықырлайды. Қанша рет шағымдандық. Барлығын ретке келтірдік деп айтады, бірақ тиісті құжат сұрасаң көрсетпейді.
Жауын болса жағдай ушыға түсетін көрінеді. Себебі лифт шахтасын су басқан кездер болыпты.
Бұл тұрғын үйді «Бақыт сыйлаймыз» деп ұрандатқан елге әйгілі алып компания BI GROUP тұрғызған. Жарнамалары жер жарғанымен, жұмыстың сапасына тұрғындардың көңілі толмай отыр. Үйді басқаратын компания да сол BI GROUP-ке тиесілі. Өтініштерді ұзақ қабылдайды деп, шағымдануда жұрт.
Гүлзат Мұратова, Астана қаласының тұрғыны:
- Бізде осы үйге көшкелі бері балкон қабырғасынан аяз сезілетін. Сыз тартып тұратын. Ал көктем, жаз мезгілінде жауын жауса су ағады. Соның салдарынан жөндеу жұмыстарын да жүргізе алмадық. Қанша рет шағымдандық, өтініштің үстіне өтініш жаздық. Мәселені тек 2025 жылдың күзінде ғана шешті. 2 жылдан кейін ғана менің арызыма жауап берді. Яғни, үйдің сыртынан қабырғаларды ашып, жылыту жабындыларын жапты. Атқарылған жұмыстың сапасын енді қар ерігенде, көктемде көреміз.
Айнұр Жұмашева, Астана қаласының тұрғыны:
- Менің пәтерімнің бір бөлмесінде де төменгі жағынан аяз сезілетін. 3 жылға жуық арыз-шағымымды беріп жүрдім. Ешкім келмеді. Содан кейін бір маман тепловизормен келіп барлығы дұрыс деп кетті. Биыл аяз күндері тағы шақырттым. Тағы тепловизормен келді. Ақыры қай жер екенін тапты. Кейін 10 қаңтардан соң бір жұмыстарды бастаймыз деді. Сол кеткеннен хабар жоқ.
Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір басты проблема – ол өрт қауіпсіздігі.
Бұл өрт 2023 жылдың қараша айында болған. Қойма ішіндегі заттар өртеніп жатқанын кездейсоқ кетіп бара жатқан тұрғын көріп қалған. Абырой болғанда барлығы сәтті аяқталды. Бірақ, тұрғындар ешбір дабыл жүйесі жұмыс істемеген, оның үстіне өрт сөндіру гидранттарында су жоқ деп шағымдануда.
Гүлнәр Мұқышева, Астана қаласының тұрғыны:
- Мына жерде өрт сөндіру жүйесі, яғни су ағатын құбырлар бар. Ол жерде су жоқ. Бұндай жағдайда автоматты түрде іске қосылатын желдету жүйелері де жұмыс істемеді. Оны жігіттер өздері барып қолмен іске қосты. Ал қойма ішінде бірдеңелер жарыла бастады. Өрт сөндірушілер ескіті бұзып, барлығын сөндірді. Сөйтсек, іште қораптарда пиротехникалар жатыр, қасында көлік доңғалағы бар. Қойма иесі заңсыз розетка орнатып, электр жылытқышты қосып кеткен екен. Қысқа тұйықталу болып өрт шықты.
Бұл өрттен кейін арада 2 жылдай уақыт өтсе де, қауіпсіздік жүйелері ретке келтірілде ме, жоқ па? Тұрғындар одан бейхабар. Ал BI GROUP-тың басқарушы компаниясы болса, жағдай анау айтқандай нашар емес. Жыртықтар жамалып, арыз-шағымдар бойынша уақытылы қызмет көрсетіліп тұрады.
Самат Садыров, "BI Clients Service" ЖШС Басқарушы компаниясының бас инженері:
- Лифтілер жыл сайын тәуелсіз сараптамадан, ал ай сайын техникалық тексерістер өткізіліп тұрады. Шахтаны су басу мәселесі бойынша барлығы реттелді. Бұл жерде гидро оқшаулау жұмыстарында ақаулар анықталған. Бәрі жөнделгеннен кейін су басу жөнінде шағым түскен жоқ. Ал өрт қауіпсіздігі жүйелеріне келер болсақ, бізде барлығы жұмыс істеп тұр. Егер кем-кетіктер болса төтенше жағдайлар қызметінен тиісті ұйғарым алатын едік. Жыл сайын жаз барлық тексерістер мен сынақтардан өтіп тұрамыз. Су жоқ немесе дабыл жүйесі жұмыс істемеді деген деректер тіркелген жоқ.
BI GROUP қарамағындағы басқарушы компания өкілдерінің айтуынша, бұл тұрғын үй кешенінен келіп түсетін арыз-шағымдардың көлемі көп емес. Әрі кетсе 1-2 пәтер иесінен өтініш келеді. Барлық кем-кетіктер уақытылы жойылып жатады. Ал өз үйлерін негізінен ипотекаға алған тұрғындар болса, осындай таңдау жасағандарына өкініп отырған секілді.
Риат Шони, Санжар Біргебаев