Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Астанада бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шықты. Схеманы жеке емхана басшысы ұйымдастырған, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
ҚМА мәліметінше, Forte Clinic (Tumar) басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу схемасын ұйымдастырған. Оны жүзеге асыру үшін ол Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының қызметкерін тартқан. Соңғысы қызметтік рұқсатын пайдаланып, берілген жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған.
"Нәтижесінде қолданыстағы ережелер бойынша мұндай тәсіл жекелеген санаттағы азаматтарға ғана қолданылатынына қарамастан, 15 мыңнан астам адам жазбаша өтініштер негізінде емханаға тіркелген. Тексеру барысында басқа өңірлердің тұрғындарын, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден тыс жерге кеткен азаматтарды тіркеу фактілері анықталды", - деп хабарлады агенттік.
Сондай-ақ емхана басшысы Damumed ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің есептік жазбаларын әкімшілік телефон нөмірлеріне байлап, оларды бақылауда ұстаған.
"Осы қолжетімділікті пайдалана отырып, заңсыз тіркелген азаматтарға медициналық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізіп, қордан қаржы аударуға негіз қалыптастырған", - делінген хабарламада.
Салдарынан мемлекетке келтірілген шығын 79 миллион теңгеден асты.
Емхана басшысы бес жылға, денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкері үш жылға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген шығын толық өтелді. Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Атырау облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті алаяқтық пен заңсыз материалдық сыйақы алу күдігіне ілінген хирургке қатысты тергеуді аяқтаған болатын. Тергеу барысында маман мемлекет тарапынан төленген операциялар үшін пациенттерден ақша алғаны анықталды. Толығырақ мына материалдан оқыңыз.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу