Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Бұл қазақ әдебиеті тарихындағы елеулі оқиға болып отыр. Себебі егемендік алғалы елімізге алғаш рет беделді халықаралық сыйлықтың иегері ат басын бұрды.
Кездесуге зиялы қауым өкілдері, әдебиет зерттеушілері мен белгілі қаламгерлер қатысты. Жиналғандар жазушыға өздерінің қызықты сұрақтарын қойып, ең беделді халықаралық сыйлық иесімен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Нобель көрмесі: Демократияға төнген қатер Венесуэла мысалында көрсетіледі
Қабырғалы қаламгер, бүгінгі қазақ әдебиетінің ақсақалы Төлен Әбдік Нобель лауреатының елімізге сапарын төл әдебиеттегі маңызды құбылыс деп бағалады.
«Ұлы жазушылар ешқашан бір халықтың ғана аясында қалып қоймайды. Мысалы, Шекспир, Толстой мен Достоевский өз әдебиетінің өкілдері болғанымен, бүгінде бүкіл адамзатқа ортақ қаламгерлерге айналды. Осындай биікке көтеріліп отырған жазушының бірі – Мо Янь. Оның туындыларында бірде-бір жағымды кейіпкер жоқ. Жазушы өмірді боямасыз көрсетеді, адам табиғатын барлық қырымен ашуға ұмтылады. Нағыз әдебиеттің басты жетістігі де осында. Адамды тек жақсы жағынан ғана емес, барлық қайшылығымен, әлсіздігімен және артықшылығымен бірге көрсету – үлкен шеберлік. Мо Янь шығармаларында осы қасиет анық байқалады», деді қаламгер.
Мо Янь – Қытайдағы ең танымал жазушылардың бірі. Оның туындылары ондаған тілге аударылып, әлемнің көптеген елінде жарық көрген. Кейбір шығармалары бойынша фильм де түсірілген. Мо Яньмен бірге Қазақстанға белгілі жазушы, аудармашы Әкбар Мәжит те келді. Бұл сапар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталып отыр.
«Осы жолғы сапардан кейін Қазақстан жазушылары көптеген ұлы шығармаларды дүниеге әкелгеніне көзім жетті. Көшпелілерде әсіресе, ауыз әдебиеті жақсы дамыған. Бір өкініштісі, қазіргі таңда қазақ әдебиетінің шығармалары қытай тіліне өте аз аударылады. Біз Қазақстанның Кеңес одағы құрамында қилы кезеңдерді бастап өткергенін білеміз», деді Нобель лауреаты.
Жазушы оқырмандардың сұрақтарына жауап бере отырып, шығармашылығы туралы сөз қозғады. Қытай тарихындағы «Мәдениет төңкерісі» дейтін онжылдық оның шығармашылық жолға түсуіне себеп болғанын атап өтті.
«Шығармашылық жолым туған жерім Гоумиде басталды. Балалық шағымда анамнан ерте айырылдым. Сол сәтте анам туралы ұлы шығарма жазамын деп өзіме сөз бердім. Әлемдегі барлық шығармада ана ұлы, оның пейілі Жер-Анадай кең. Алайда мен ана образын солай жазсам, өзге авторлардан еш айырмашылығым болмасын білдім. Сондықтан менің шығармамдағы ана образы қарама-қайшылыққа толы», деді жазушы.
Мо Янь романдарында феодалдық таптаурындарға қарсылық әйелдің қилы тағдыры арқылы көрсетіледі. Жазушы бұған Конфуций ілімі арқылы ер адамды жоғары қойып, әйелді төмен санаған сан ғасырлық көзқарастардың қалыптасуы себеп болғанын атап өтті.
Кездесу соңында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов тәуелсіздік алғалы елімізге алғаш рет Нобель сыйлығының иегері келгенін атап өтіп, жазушы Мо Яньға елімізге арнайы ат басын бұрғаны үшін алғыс білдірді.