Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Практикалық оқу ату спортымен Қазақстанның барлық әскери міндеттілері, арнайы жасақтары айналысады. Жарыс халықаралық стандартқа сай ұйымдастырылған, онда тек мергендік емес, тактикалық ойлау, жылдам әрекет ету және қаруды қауіпсіз меңгеру деңгейі бағаланды.
Бұл сайыста спорттық және жауынгерлік дағдылар дамиды: тұру, жату, тізерлеу сынды әр түрлі позицияларда оқ атуды, үнемі қозғалыста болуды, екі қолмен де бірдей тапанша ұстауды шыңдай түседі. Өйткені ұрыс жағдайында сарбаз қай иыққа жарақат алса да, кез келген қолымен қару ұстай алуы керек.
Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 207 спортшы қатысқан. Соның ішінде «Classic» бөлімінде командалық есепте Астана Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы І орынды иеленді.
Жеке есеп бойынша да астаналық жасақтың аға инспекторлары – Дархан Жексембинов, Ерлан Базарбаев, Медет Сламғазин жүлделі І, ІІ және ІІІ орындарды жеңіп алған.
– Практикалық оқ атуда әрбір сайыс үлкен дайындықты талап етеді. Белсенді жаттығулар жасалады, бастапқыда қаруды дұрыс ұстау, дәлдеу, мылтық тартпасын үйрену мен тыныс алуды реттеу үшін қару оқсыз атылады. Яғни мұнда қаруды шығарып жай ғана шүріппені басу мүмкін емес. Нысанаға жылдам әрі дәлдікпен тиіп, келесі нысанаға жетіп, оны да құлату үшін арнайы қозғалыстар бар. Дұрыс тамақтану да үлкен рөл атқарады. Өйткені жылдамдықты арттыру керек. Қанша жерден нысанаға дөп тисең де, соңғы болып келсең, ұпай саналмайды. Мәреге бірінші келіп, нысанаға оқ тимесе, ол да есептелмейді. Сондықтан, практикалық атыста жылдамдық пен дәлдікті бөліп-жару қиын, – дейді команда капитаны Ерлан Базарбаев.
Айта кетейік, практикалық оқ ату кәсіби спорт ретінде өткен ғасырдың 50-жылдары АҚШ-та бастау алды. Онда бірнеше қару түрлері – тапанша, винтовка, бытыралы мылтық қолданылады.
Халықаралық практикалық ату конфедерациясы (IPSC) 1976 жылы құрылған. Қазақстанда бұл спорт 2010 жылдары белсенді жүргізіле бастады.
Бұған дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 27 сәуір-3 мамыр аралығында өтетін спорт жарыстары кестесін жариялаған еді.