Астананың қысы 27 жылда қаншалықты жұмсарды Қазгидромет жауабы

30.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Астана қаласы әлемдегі ең суық астаналардың қатарына кіреді. («Британия энциклопедиясы»). Дегенмен кейінгі жылдары елорда тұрғындары Астананың қысы бұрынғыдан әлдеқайда жұмсарғанын әлеуметтік желіде көп жазып жүр. Мұндай пайымдарды Қазгидрометтің мәліметтері де растайды.

— Астана құрлықтың ортасында жатқандықтан климаты қатаң (қысқы аязы мен жазғы аптабының арасы тым алшақ) қала болып есептеледі. Осы қатаң континенттік климаттың өзі кейінгі жылдары жылынуға бет алғаны байқалып отыр. Қазгидромет дерегі бойынша, қаладағы орташа температураның арту жылдамдығы 10 жылда 0,54°C болған. Әсіресе көктем жылы бола түскен. Қыс пен күзде де осындай өзгеріс бар, — деп жазылған жауапта.

Мекеме мамандары елордада жауын-шашын мөлшері де артып келе жатқанын айтып отыр.

— Қазірзі жылдық орташа жауын-шашын көлемі базалық кезеңнен асып отыр. Өсім 10 жылдың ішінде 21 мм болып отыр. Әсіресе қыста түсетін жауын-шашын молайған. Дегенген климаттың өзгеруін бағалаудың метеорологиялық стандарты 30 жылдық кезеңмен есептелетінін айта кету керек, — делінген Қазгидромет мәліметінде.

Сондай-ақ, 1998 жылдан бері Астананың қысы мынандай өзгерістерді бастан өткеріп жатыр:

— ауа температурасы -20°C-тан суық күндер мен аязды күндердің (-30°C) саны азайып келеді;

— жылымық күндері мен 0 °C-қа жуық күндер жиі қайталанатын болған;

— қар жамылғысы бұрынғыдай көбесі сөгілместен, ұзақ жатпайтын болған;

— қыс айларында қар аралас жаңбыр жауатын күндер жиілеген;

— ауа температурасының күрт құбылуы да жиі байқала бастаған.

— Қар жамылғысының деградациясы жаһандық жылыну трендерімен сәйкес келеді. Осылайша «Астананың қысы «жұмсарып» келе жатыр» деген пайымдарды жоғарыда аталған тенденциялар растап тұр.

Десе де, қыс толықтай жұмсарып кетті деп ойлау дұрыс емес. Қаланың климаты қатаң континенттік күйінде қалып отыр. Қатты аяздар әлі де бар. Жалпы Астананың климатында екі фактор қатар байқалады. Бір жағынан жауы-шашын көбейіп, жылыну байқалса, екінші жағынан ауа райы әсіресе қыс мезгілінде өте құбылмалы болып барады, — деп жазады кәсіпорын мамандары.

Қазгидрометтегілер алдағы 10-20 жылда Астана климаты қалай құбылатынына болжау жасамағандарын айтады.

— Қазгидрометтің бекітілген функцияларының тізбесінде 10-20 жылға дейінгі мерзімде климаттың қалай өзгеретінін егжей-тегжейлі болжау шаралары жоқ. Дей тұрғанмен, климат өлшемдеріне үнемі мониторинг жасап, климат тәуекелдерін бағалауға, бейімделуге қажетті сараптама мәліметтерін ұсынып отырады, — деп жазылған жауапта.

Мемлекеттік кәсіпорын ұсынған кестеге сүйенсек, кейінгі 27 жылдың ішінде ең суық ай 2006 жылдың қаңтары болған (орташа айлық температура — 23°C). Ал ең ыстық ай 2023 жылдың шілдесі болған (+24,9 °C). Осылайша, зерттелген кезеңде қаладағы ең суық және ең ыстық айлардың айырмасы шамамен 48°C-қа жетеді.

Ең үлкен жылдық температура айырмасы 2012 жылы тіркелген. Сол жылғы ең суық айдың орташа температурасы −20,8°C, ең ыстық айдың орташа температурасы +24,3°C болған. Бір жыл ішіндегі температура айырмасы 45,1°C деген сөз.

Фото: Kazinform

Қазгидромет ұсынған кестелерден мынандай деректер шығады:

1) Астанада жылына орта есеппен 145 күн бойы орташа тәуліктік температура 0°C-тан төмен болады. Басқаша айтсақ, суық кезек әдетте 5 қарашада басталып, 30 наурызда аяқталады. 2016-2017 жылғы маусымда суық кезең 174 күнге созылған. 2016 жылдың 16 қазанында басталған суық кезең 2017 жылдың 8 сәуіріне дейін жалғасқан. Бұл — 27 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

2) 2001-2002 жылғы маусымда орташа тәуліктік температура 0°C-тан төмен кезең 121 күнге ғана созылған. 2001 жылдың 20 қарашасында басталған суық маусым 2002 жылдың 21 наурызында аяқталған.

3) Қыс ең ерте басталған жыл -2016 жыл, ең кеш аяқталған жыл — 2003 жыл.

4) Ең құрғақ жыл — 1998 жыл (жылдық жауын-шашын: 235,1 мм). Ең ылғалды жыл — 2024 жыл (528,8 мм). Ең жаңбырлы ай — 1999 жылдың маусымы (118,8 мм). Ең құрғақ ай — 2025 жылдың қазаны (0,4 мм).

Еске салсақ, 19 наурыз күні Астана халықаралық әуежайында 20-дан астам рейс кешіктірілген болатын. Бұған әуе кемелерінің белгіленген уақыттан кеш жетуі себеп болған

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью