Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.
- 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында 13 наурыздан бастап жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын пайыздық мөлшерлемесімен асыл тұқымды мал басын сатып алуға бағытталған «Игілік» және «Береке» атты жаңа несиелік өнімдер іске қосылды. Бұл бағдарламалар бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 85%-ға дейін кепілдендіру тетігі көзделген, - деп жазылған ресми жауапта.
Бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорациясы». 6 пайыздық несиеге Қазақстанның барлық өңірлерінен өтініш беруге болады. Негізгі шарттары мынандай:
- «Игілік» несиелік өнімі 100-ден 500 басқа дейін асыл тұқымды мал сатып алуға мүмкіндік береді.
- «Береке» несиелік өнімі ірі шаруашылықтарға бағытталған, 500 және одан да көп бас асыл тұқымды мал сатып алуға арналған.
Кредит алатын шаруашылықтарға мынандай талаптар қойылады:
- Сатып алынған әр малдың есептік нөмірі болу керек;
- мал ұстауға арналған қора-жай болуы шарт;
- мал қорада тұрған кезде (қыста) судан тапшылық болмайтынын дәлелдеу керек;
- жемшөп дайындау және тарату техникасының болуы;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің болуы.
Жеңілдетілген несиеден үміткерлерге қарсы міндеттемелер де қойылып отыр. Табиғи шығынды есептемегенде несиеге алынған аналық бастың бәрінен кемінде 4 жыл бойы төл алыну керек.
- «Береке» бағдарламасына қатысам дегендердің ауыл шаруашылығы саласында кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі болуы талап етіледі. Ал «Игілік» бағдарламасында ондай талаптар қарастырылмаған, - делінген АШМ мәліметінде.
Екі бағдарламаның да жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Мерзімі – 7 жылға дейін. Оның ішінде алғашқы 24 айды «каникул» ретінде пайдалануға болады.
Еске салсақ, былтыр Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026 жылы несиеге мал алғандарға да мемлекеттен 85 пайыз кепілдік берілетінін айтқан болатын.