Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Конституцияның жаңа нұсқасына кәмелетке толған, жұмысқа қабілетті ұл-қыздың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндетін бекіту туралы норма түрлі пікір тудырды. Бірі мұны мемлекеттің азаматтардың жеке өміріне шамадан тыс араласуы деп санаса, енді бірі мұны заман талабы деп қабылдады. Бірақ бұл норманың мәні тек құқықтық емес, терең адами, құнды маңызға ие.
Мұндай норма қазіргі қолданыстағы (27-баптың 3-тармағы: «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті»), сондай-ақ 1993 жылғы Конституцияда да (51-бап) бекітілген. Жаңа Конституция жобасында бұл ереженің сабақтастығы 30-баптың 4-тармағында көрсетілген.
Біз қандай қоғам құрғымыз келеді? Әр адам тек өз мүддесін көздейтін, жеке өмір сүретін қоғам ба, әлде ұрпақ сабақтастығы бекем, ұлттық құндылығы сақталған қамқор қоғам ба? Осы сұраққа жауап іздеу барысында біз конституциялық нормалардың рөліне жаңаша көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Қазақ халқының мың жылдық тарихында ата-ананы құрметтеу, қарттарды қастерлеу тек әдет-ғұрып емес, рухани негіз болған. Бұл ұрпақ сабақтастығын, отбасының тұтастығын, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ететін құнды жүйенің өзегі еді. Ата-ананы қастерлеу арқылы бала өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай құндылықтарды ұстануы керектігін түсінеді. Алайда заманауи өмірдің қарқыны, урбанизация, жаһандану үдерісі бұл байланыстарды әлсіретіп жібергендей. Қалаға қоныс аударған жастардың дені ата-аналарын ауыл-аймақта қалдырып кетуге мәжбүр. Ал уақыт өте бұл қашықтық тек географиялық емес, эмоциялық алшақтыққа айналып барады.
XXI ғасырдағы маңызды демографиялық үрдістің бірі – халықтың қартаюы. Елімізде де қарттар саны жыл сайын артып келеді. Кейінгі он жылда (2015-2025 жылдары) 65 жастан асқандар саны 1,2 миллионнан 1,9 миллионға дейін өсті. Олардың халық ішіндегі үлесі 6,8-ден 9,2 пайызға дейін көбейді. БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай елімізде қарттар саны 3,7 миллионға жетеді, бұл – шамамен 13,8%.
Қарттар санының артуы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түсетін жүктемені де біртіндеп көбейтіп отыр. Қазіргі уақытта еліміздегі 45 мемлекеттік стационарлық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 6 694 зейнеткер тұрады. Сонымен қатар былтыр арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда (стационарлық, жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсету нысандарында) 33 989 зейнеткер бар.
Мамандарды алаңдататын тағы бір мәселе – қарттарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі жаңа ұлттық баяндамада респонденттердің 26,7 пайызы қарттар отбасында жиі зорлық-зомбылыққа ұшырайды деп көрсеткен. Зерттеу нәтижелерінде ел тұрғындарының 24,2%-ы қарияларға немесе мүгедектігі бар жандарға отбасында қатыгездік жасалған жағдайлар туралы естігенін айтқан. Бұл сандар қарттарды қорғау мәселесі әлі де өзекті екенін айғақтайды.
Конституцияға осы міндетті енгізу қарттарға көмектесудің нақты тетігін жасау ғана емес, негізгі мақсат – қоғам санасында ата-ананы құрметтеу құндылығын нығайту, отбасы жауапкершілігін естен шығармау. Халықтың қартаюы мен әлеуметтік жүйеге түсетін жүктеме артқан тұста мемлекет пен отбасының жауапкершілігін тең бөлу маңызды.
Конституция – құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, ол қоғамның рухани, адамгершілік бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Әр қоғам өзінің әлсіз топтарына, әсіресе қарттарға деген қарым-қатынасы арқылы бағаланады. Егер біз үлкенді құрметтейтін, ата-ананы қадірлейтін, отбасылық байланысы берік қоғам қалыптастырғымыз келсе, бұл құндылықты конституциялық деңгейде бекіту ләзім.
Қарақат ӘБДЕН,
Мәжіліс депутаты
Соңғы жаңалықтар
Елімізде қай жолдар жабық тұр?
Қазақстан • Бүгін, 09:24
Бүгін 1 долларды қанша теңгеге сатып алуға болады?
Қаржы • Бүгін, 09:12
Сенат төрағасы: Тарихи кезеңде ұлттың бірлігі аса маңызды
Үкімет • Бүгін, 09:00
Бірқатар халықаралық келісімдер ратификатталды
Саясат • Бүгін, 08:55
Шыны зауытындағы бірегей жобалар
Өндіріс • Бүгін, 08:50
Энергетикалық қауіпсіздік – экономикалық тұрақтылық кепілі
Энергетика • Бүгін, 08:45
Еңбек көші-қонында тәуекел көп
Қоғам • Бүгін, 08:40
Мемлекеттік басқару: Жаңа сапаға қадам
Пікір • Бүгін, 08:38
Ағайынды Дүйсен мен Дүйсенбі болыс
Зерде • Бүгін, 08:35
Елдің институционалдық бағдарын қалыптастырады
Ата заң • Бүгін, 08:33
Білім • Бүгін, 08:30
Ата-анаға құрмет – елдік қасиет
Пікір • Бүгін, 08:28
Тәрбие • Бүгін, 08:25
Бір баптың бағасы, бір тармақтың тағылымы
Пікір • Бүгін, 08:22
Наурыз айындағы тестілеу басталды
Білім • Бүгін, 08:20