Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Осы республикалық форматтағы қабылдау Қызылорда облысында да ұйымдастырылып, тұрғындар балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдауы мен құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты өтініш-тілектерін білдірді.
«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында өткен қабылдауда азаматтармен кездесуге «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, мемлекеттік органдардың, мәслихаттың, құқық қорғау және әлеуметтік саланың өкілдері, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, заңгерлер, партияның Әйелдер қанаты мен жастар мәселелері жөніндегі кеңесінің өкілдері қатысты.
– Баланың мәселесі – бір отбасының ғана мәселесі емес. Ол білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқықтық қауіпсіздік салаларымен тікелей байланысты. Сондықтан қоғамдық қабылдаудың мәні – азаматты тыңдаумен шектелмей, көтерілген мәселенің шешілу жолын бірге қарастыру. Әр өтініш нақты жұмысқа ұласуы керек, – деді Жандос Базартай.
Қабылдау барысында азаматтар балаларға көрсетілетін медициналық және оңалту қызметтерінің қолжетімділігі, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қажетті көмекті ерте кезеңде ұйымдастыру, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс тәртібі, балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және құқықтық мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстарын айтты.
Қызылорда қаласының тұрғыны Айжан Смағұлова церебральды сал ауруы бар ерекше баланың анасы ретінде төрт жылдан бері осы науқаспен ауыратын балаларға үздіксіз оңалту қызметін ұйымдастырып келетінін, сондай-ақ өзге аналармен бірлесіп, Астана қаласынан тәжірибелі реабилитолог мамандарды шақырып, олардың барлық шығынын өздері қамтамасыз ететінін алға тартты. Қазір кәсіпкердің қолдауымен 160 шаршы метрлік ғимаратты тегін пайдалануға алғанын, алайда ғимаратты балалардың оңалтуына қолайлы жағдайға келтіру үшін қабырғаларын әктеу және жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтып, осыған байланысты аталған жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетуді және демеушілер мен қайырымды кәсіпкерлерді тартуға ықпал етуді сұрады.
Тұрғынға қайырымдылық көмек көрсету жолдары қарастырылатыны түсіндіріліп, құзырлы мекемелермен бірлесіп, өтінішті оңтайлы шешу жолдары зерттелетіні айтылды. Сондай-ақ партия жанынан құрылған Жастар мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы тегін заңгерлік көмекке дайын екенін, алдағы уақытта көтерілген мәселелердің оң шешілуіне ықпал жасайтынын білдірді.
Қатысушылардың ұсыныстары балаларға қажетті көмекті уақытылы көрсету, ата-аналарға қолдау тетіктерін жетілдіру және өңірлердегі тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыру қажеттігі тұрғысынан қаралды. Қоғамдық қабылдау қорытындысында азаматтардың өтініштері жинақталып, оларды құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп қарау және шешу жолдарын пысықтау бойынша тиісті жұмыстар айқындалды. Жалпы, партия алаңында өткен тақырыптық қабылдауда шалғай елді мекендерден ZOOM платформасы арқылы қосылған азаматтардан 4, офлайн форматта 4 мәселе қаралды. Барлығы – 8 өтініштің үшеуі оң шешіліп, қалғандарына қолданыстағы заңнамалар аясында кеңестер берілді.
Бекбол АМАНГЕЛДІ