Ата аналар жауапкершілікті толықтай мұғалімге жүктей алмайды заң қабылданды

13.05.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаттары педагог мәртебесі және білім беру мәселелеріне қатысты заңнамалық өзгерістерді қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасының негізгі мақсаты – педагог мәртебесін барынша қорғау. Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден босатып, кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді.

"Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды. Сондай-ақ заң жобасында қағаз және электронды формат қатар жүретін "цифрлы бюрократияға" заңнамалық деңгейде тыйым салынады", – деді депутат Жанарбек Әшімжанов.

Оның айтуынша, баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі де кеңейтілді. Білім мен тәрбие тек мектептің емес, отбасы мен мемлекеттің ортақ міндеті ретінде нақты айқындалған.

Заңда талантты мамандарды қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздары жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен түсе алады. Сондай-ақ педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша студенттерді қабылдау мен ауыстыру талаптары қатаңдатылып отыр.

"Біз білім беру ортасын реттеуде батыл қадамдар жасап, орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидаларын бекіттік. Бұл оқушылардың назарын білімге аударуға және кибербуллингтің алдын алуға септігін тигізеді", – деп атап өтті депутат.

Айта кетері, қазір әр мектеп әкімшілігі оқушылардың смартфонды қолдану тәртібін өз бетінше белгілейді. Заң бойынша тыйым тек сабақ кезінде қолданылады, ал үзіліс кезінде оқушылар телефон пайдалана алады. Егер телефон оқу процесі үшін қажет болса, мұғалімнің шешімімен қолдануға рұқсат беріледі.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью