Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Сурет: baq.kz
Негізгі заңның ерекшелігі – жекелеген құқықтық институттарды жаңартумен шектелмейді, сонымен қатар құқық үстемдігі, әділдік пен мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделген мемлекет, қоғам және тұлға арасындағы қарым-қатынастардың жаңа философиясын қалыптастырады.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның мәнін тек жоғары заңды күшке ие құқықтық нормалар жиынтығы ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Ол мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі моделін құрайды, оның жүзеге асырылу шектерін анықтайды әрі барлық құқық субъектілері үшін міндетті конституциялық құндылықтар жүйесін айқындайды. Қарапайым нормативтік құқықтық актіден айырмашылығы – ол тек қоғамдық қатынастарды реттеп қана қоймай, мемлекет дамуының ұзақмерзімді стратегиясын бекітеді.
Жаңа Конституцияның маңызды ерекшелігінің бірі – адамды ең жоғары конституциялық құндылық ретінде тануы. Мемлекеттік билік өз алдына мақсат ретінде емес, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау тетігі ретінде қарастырылады. Мұндай тәсіл конституциялық құқықтың қазіргі заманғы даму үрдістеріне сәйкес келеді әрі мемлекеттік басқарудың адамға бағытталған моделіне біртіндеп көшуді білдіреді.
Тағы бір маңызды ерекшелік – мемлекеттік институттар арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйесін жетілдіру. Ата заңымыз мемлекеттік басқару тиімділігі мен биліктің шектен тыс шоғырлануына жол бермеу арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге бағытталған. Бұл құқықтық заңдылық, ашықтық әрі мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы есептілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Конституциялық бақылау тетіктерінің кеңеюі ерекше маңызға ие болып отыр. Ол тек Конституцияға қайшы келетін нормативтік құқықтық актілерді жою құралы ғана емес, сонымен қатар конституциялық қағидаттардың бұзылуының алдын алуда маңызды құрал ретінде қызмет етеді. Осының арқасында Конституцияның үстемдігі қамтамасыз етіліп, оның ережелері заң шығармашылық және заң қолдану қызметінде біркелкі жүзеге асады.
Конституцияны іске асыру мемлекеттік органның кез келген шешімі тек заң талаптарына ғана емес, сонымен қатар әділдік, теңдік, тұлғаның қадір-қасиетін құрметтеу мен адам құқықтарын ерікті түрде шектеуге жол бермеу сияқты конституциялық құндылықтарға негізделген кезде байқалады.
Негізгі заң кейде тек мемлекеттік құрылыстың негіздерін айқындайтын саяси-құқықтық құжат ретінде қабылданады. Алайда оның шынайы құндылығы заң шығарушы, атқарушы органдар, соттар мен азаматтар үшін ережелері күнделікті бағдарға айналғанда ғана көрінеді.
Конституцияны жүзеге асырудың алғашқы кепілі – заңнаманы жүйелі түрде жетілдіру. Оның нақты мазмұнын беру Конституция нормаларын жалпы юрисдикция соттарының тәжірибеде тікелей қолдануын кеңейтумен байланысты. Сот шешімі конституциялық ережелерді тек формальды түрде келтіру емес, нақты қолдану арқылы белгілі бір дауды шешуде көрініс табуға тиіс. Мұндай тәсіл сот билігіне қоғамның сенімін нығайтуға әрі біркелкі құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға ықпал етеді.
Конституциялық бақылау тек Конституцияға қайшы келетін нормативтік актілерді жою функциясын атқарады деген пікір кең таралған. Алайда оның маңызы әлдеқайда кең. Қазіргі заманғы конституциялық бақылау Конституцияны бұзудың алдын алу тетігі ретінде қызмет етеді. Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдары конституциялық қағидаттарды түсінудің бірыңғай стандарттарын қалыптастырып, барлық мемлекеттік органның оларды тұрақты қолдануын қамтамасыз етеді. Осылайша, конституциялық бақылау органы тек конституциялық дауларда төреші рөлін атқарып қана қоймай, мемлекеттің қазіргі заманғы құқықтық саясатын қалыптастыруға қатысады.
Тиімді заңнама, тәуелсіз сот төрелігі,пәрменді конституциялық бақылаудың үйлесімі Конституцияны адам құқықтарының, заңдылықтың және мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі кепілі ретінде толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Алмаз ЖЕКСЕКИН,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті заң факультеті деканының орынбасары, PhD