Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Облыстық музей мен оған қарасты 18 филиал қызметкерлері кәсіби мереке күні есігін айқара ашып, келушілерге танымы мол іс-шаралар тізбегін ұсынды. Облыс орталығында «Орал – ашық аспан астындағы музей» атты туристік-танымдық жобасының тұсауы кесіліп, әсерлі экскурсия ұйымдастырылды. Киелі Хан тоғайынан бастау алатын маршруттың тоқтайтын әр нысаны терең тарихқа толы. Экскурсия барысында баяндалған деректер энциклопедиялық тұжырымдарға негізделіп, байыпты дәйектермен өріліп отырды. Мұнда хандардың ізі қалған тарихи орындар, XІІІ–XX ғасырлардағы ғимараттар баяны, қаланың мәдени мұрасы мен тарихи оқиғалар орын алған жерлер, танымал тұлғалар туралы қызықты деректер айтылды.
Бұл күні музейдің бас ғимаратында «Көне ойыншық — кемел тәрбиенің көзі» атты балаларға арналған көрме ашылып, қазақтың ұлттық ойын құралдары, көне ойыншықтардың тәрбие құралы ретіндегі рөлі айшықталды. Мұнда ұлттық ойын мен қазіргі ойыншықтарға дейінгі тәрбиелік сабақтастық дәріптелді. Көрмеге келген балаларға ләңгі, асық, тоғызқұмалақ тағы басқа ұлттық ойындар көрсетілді. Қала тұрғыны Ләззат Шағатай өзінің 35 жыл бұрын ойнаған ойыншық бесігі мен қуыршағын музей қорына сыйға тартты.
Түн ортасына дейін созылған іс-шаралар «Ғасырлар үнін сақтаған қасиетті орда» атты мерекелік концертке жалғасты. Мерекелік концерт барысында «Құпия жәдігер» көрмесі ашылды. Танымал археолог Яна Лұқпанова Ұрысай-2 обалар кешенінен табылған көне қобдишаның хикаясын әсерлі етіп баяндап, Батыс Қазақстанда әйгілі Тақсай ханшайымынан бөлек тағы бір абыз әйел жерленген көне қорымды таныстырды. Қолында құнды жәдігерлерді сақтап отырған жандарға «Қоғамдық қор сақтаушы» атты куәлік берілді. Үздік музей ұжымы мен жекелеген қызметкерлер марапатталды.
Дегенмен, келушілерге де, өзімізге де ерекше әсер еткен шара – «Атадан қалған ақ сауыт» көрмесі болды. Өйткені қару-жарақ – соғыс құралы ғана емес, ол адамзат өркениетінің дамуын, технологиялық жетістіктерін және мәдени ерекшелігін көрсететін тарихи жәдігер ғой. Қазақ үшін қару – ерлік, намыс, тәуелсіздік үшін күрестің символы екені рас. Экспозиция бөлімінің жетекшісі Әсел Сүйінғалиқызы бастаған ұжым дайындаған бұл көрменің бір ерекшелігі – мұнда дала өркениетінің әскери мәдениеті мен рухани құндылығы сонау көне сақ-сармат заманынан шеру тартыпты. Осылайша, көрмеге келушілер ұлттық қару-жарақтың эволюциясын көріп қана қоймай, «Ұлы даланы мекендеген қазақ халқы – әлімсақтан бері осы жердің қожасы, қорғаушысы» деген ойға жетеледі.
Музей директоры Жантас Сафуллин көрменің негізгі мақсаты – халқымыздың жауынгерлік тарихын, батырлық рухын және әскери өнерін насихаттау болғанын айтады. Экспозиция ежелгі дала жауынгерлері, орта ғасырлар қарулары және жаңа заманның жарақтары секілді бірнеше бөлімнен құралған. Көрмеде сақ, сармат дәуірінен бастап қазақ батырлары қолданған қылыш, найза, айбалта, білтелі мылтық, сауыт-сайман секілді көптеген тарихи жәдігер ұсынылған. Ең қызығы, күні бүгін де кіреуке сауыт тоқып, баба өнерін жалғап отырған шеберлер шақырылыпты.
«Көрме керемет ұйымдастырылған. Әсіресе сармат заманынан қалған ақинақтарға көңілім толды. Көрмеге қойылған сауыттар да ерекше. Жағалы сауытты, қазақ жігіттерінің мәрттігін көрсететін жағасы жоқ шұрқылтайды көзімізбен көрдік. Ауылдан келген Жәнібек Әбілпейісовтің шәкірттері көз алдымызда сауыт тоқып жатқаны жас ұрпаққа керемет тәлім болды. Қазір ат баптап, ұлттық спортты дамытып жүрген мектептер жанынан осындай қару-жарақ шеберханасын жаңғырту қажет екен деген ой келді», дейді Махамбет университетінің профессоры, әуесқой аңшы, ұлттық қару-жарақ саласының білгірі Ғабит Хасанов ризашылығын жасыра алмай.
Расымен де, Ақжайық ауданынан арнайы шақырылған Ж.Әбілпейісовтің маңынан бірнеше сағат бойы адам арылған жоқ. Шағын ғана Атамекен ауылында «Жерұйық» атты музей ұстап отырған өлкетанушы қазақ батырларының бес қаруын жинауды мақсат етіпті. «Біздің музейлерде қазақтың бодандық кезеңі емес, ноқтаға басы сыймаған арда заманының жәдігерлері басым тұруға тиіс. Сондықтан еркіндікті, ерлікті көрсететін қару-жарақты жинай бастадым. Түрлі әдебиетті, естеліктерді ақтарып, көне жәдігерлерді зерттеп, батырларымыз киген кіреуке сауытты тоқуды үйрендім. Ауылдағы Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектеп оқушыларынан құрылған шеберлер тобы осы кезге дейін бірнеше сауытты тоқып шығарды. Сол сауыттың бірін бүгін облыстық музей қорына тапсырғалы отырмын», дейді Жәнібек шебер. Ал оның жанында Ахметшах Жәнібекұлы көрмеге келушілерге сауыттың қалай тоқылатынын, әр шығыршық бір-біріне қалай бекітілетінін жалықпай көрсетіп жатты. Оның айтуынша, бір сауытты тоқуға 20 күндей уақыт кетеді, бұл балаларды смартфонға тәуелділіктен құтқарып, табандылыққа, еңбекқорлыққа үйретеді екен.
Жалпы, музей қорында 5 көне қазақ сауыты сақтаулы екен. Осы көрмеде тұңғыш рет сол көне жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Соның бірі – әйгілі күйші Құрманғазыдан қалды делінетін кіреуке сауыт.
«Бұл сауыттың тарихы қызық. 1958 жылы Мәлік Ғабдуллиннің тапсырмасымен арнайы топ құрылған екен. Олар 2 ай бойы Орал облысының бірнеше ауданын аралап, ел ішінен Құрманғазы Сағырбайұлы жайлы дерек жинаған. Сол сапарда Құрманғазының екі атадан қосылатын туысқаны Байлыстың үйінен осы көне сауыт алынған екен. Экспедиция жетекшісі Мұхамбет Қадырбергенов құнды жәдігерді 1960 жылы музей қорына тапсырған», дейді Әсел Сүйінғалиқызы.
Музейдегі тағы бір құнды жәдігер сонау ХІ–ХІІІ ғасырдан сыр шертеді. 1969 жылы Шалқар көлі жағасындағы Сынтас жонында жүргізілген археологиялық қазба кезінде толық қару-жарағымен жерленген ежелгі қыпшақ жауынгерінің сүйегі табылған. Мұздай қаруымен, темір сауытымен, тіпті бет-жүзін қалқалаған күміс бетпердесімен қойылған бұл мүрденің тарих үшін маңызы зор болыпты.
Кейін ақын Жұбан Молдағалиев «Суырылмай қалған семсер туралы» атты өлең жазған:
«Табытта оның иесі,
Оралда, музей үйінде.
Қалпында қаңқа жүйесі,
Қаусаған сүлдер күйінде.
Басында болат дулыға,
Үстінде сауыт баттасқан.
Жанында сан жыл булыға,
Семсері жатыр тат басқан...»
1970 жылдары «Жұлдыз» журналында жарық көрген бұл өлеңнің шекесіне ақын «Мүсілім Базарбаевқа» деген аңдатпа қалдырыпты. Бұл сол кезеңдегі мәдениет министрінің көңілін алыстағы Орал музейіне аударту болса керек.
Айтпақшы, биыл Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 190 жыл толып отыр. Еліміздегі ең көне мұражайдың қорында бүгінде 200 мыңнан астам экспонат сақтаулы. Музей ұжымы осы мерейтойға кешенді іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде бірнеше жинақ, «Балбалтас баяны» атты бейнефильм де бар.
Батыс Қазақстан облысы