Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті. Ведомство мәліметінше, қаскөйлер азаматтарды тиімді инвестициялық жобаларға ақша салуға сендіру үшін белгілі тұлғалардың қатысуымен дипфейктер жасауда жасанды интеллект технологияларын жиі қолдана бастаған, деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ІІМ ақпаратынша, алаяқтар мұндай материалдарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратып, әлеуетті құрбандарға тез әрі кепілді табыс табуды уәде етеді.
Схема қалай жұмыс істейді?Адам "инвестицияға" қызығушылық танытқаннан кейін, онымен жалған брокерлер байланысқа шығады. Олар мобильді қосымша орнатуды, сілтеме бойынша өтуді немесе ақшаны үшінші тұлғалардың шотына аударуды ұсынады.
Аударымдарды "инвестиция салу", "аккаунтты белсендіру" немесе "пайданы арттыру" қажеттілігімен түсіндіреді.
Ақшаны алғаннан кейін қаскөйлер, әдетте, байланысты үзеді, ал адамдар уәде етілген табысқа қол жеткізе алмай қалады.
Кей жағдайларда алаяқтар "салық", "комиссия" немесе "сақтандыру жарналарын" төлеу қажеттілігін алға тартып, жаңа аударымдарды талап етуді жалғастыра береді.
ІІМ қандай кеңес береді?Ведомство қазақстандықтарды сақтық шараларын сақтауға шақырды:
кепілді пайда туралы уәделерге сенбеу; белгісіз тұлғаларға және күмәнді шоттарға ақша аудармау; күмәнді сілтемелерге өтпеу және тексерілмеген дереккөздерден қосымшаларды орнатпау; инвестициялық компаниялар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік тізілімдер арқылы тексеру; инвестиция салу ниеті болса, тексерілген компаниялардың ресми кеңселеріне хабарласу және алдын ала нарықты зерттеу. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, не істеу керек?Анықталған барлық дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтап, сондай-ақ алаяқтық интернет-ресурстар мен ақша шығару арналарын бұғаттау шараларын қабылдап жатыр.
"Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай фактілер туралы ақпаратыңыз болса, дереу тұрғылықты жеріңіз бойынша ішкі істер органдарына немесе 102 нөміріне хабарласуыңыз қажет", - деді ІІМ өкілдері.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу