Атырау 2040 жылға дейін қалай өзгереді?

04.08.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Атырауда қаланы дамытудың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасы талқыланды.

Жиынға облыс әкімі Болат Ақшолақов төрағалық етіп, қолданыстағы жоспарға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар қаралды. Қала жоспары алғаш рет 2016 жылы Үкіметпен бекітілген, ал жаңа өзгерістерді әзірлеу 2024 жылдың мамырынан бері жүргізіліп келеді.

«Қазгипроград» жобалау институтының директоры Ілияс Темірбаев баяндама жасап, стратегиялық бағыттарды таныстырды. Оның айтуынша, қазір қала мен маңындағы елді мекендерде 431 мыңнан астам адам тұрады, ал 2040 жылға қарай халық саны 600 мыңға жетеді. Қала аумағы 45 мыңнан 56 мың гектарға дейін кеңейіп, тұрғын үй құрылысы негізінен солтүстік аймақта жүргізіледі. Қала құрамына ресми түрде сегіз елді мекен қосылады.

Жоспарда көлік инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық берілген. Магистральдық көшелердің ұзындығы 264 шақырымнан 695 шақырымға дейін артады. Солтүстік айналма жолдың құрылысы келесі жылы аяқталып, транзиттік көліктерді тұрғын аудандардан тыс өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 12 жолайрық салу жоспарланған. Жаңа зираттар қала сыртында орналастырылып, оған 105 гектар жер телімі бөлінді.

Әкім су тасқыны қаупін ескеріп, санитарлық-қорғаныш аймақтарында құрылысқа жол бермеуді тапсырды. Жер телімдерін жөнсіз үлестіру тәжірибесі сыналып, Бас жоспар бекітілгенше жер бөлуді уақытша тоқтату міндеттелді. Сондай-ақ дәстүрлі арық жүйесі мен нөсер кәрізін қайта қарастырып, қаланың ерекшеліктеріне сай заманауи инженерлік шешімдер іздеу қажеттігі айтылды.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту мәселесі де көтерілді. Кабель желілерін жер астымен жүргізу, ескі ағаш және бетон бағандарды пайдаланбау тапсырылды. Бұл шаралар инженерлік жүйелердің сенімділігін арттырып, қаланың сәулеттік бейнесін жақсартуға бағытталған.

Қорытынды сөзінде Болат Ақшолақов қалалық ортаны қалыптастыруда урбанистердің қатысуымен әзірленген заманауи қоғамдық кеңістіктер мен функционалды ғимараттардың қажет екенін атап өтті. Туризм мен экологияны дамытуға арналған сапалы эскиздік жоспарлар мен инновациялық сәулеттік шешімдер ұсынылуы тиіс екенін айтты. Жобаны әзірлеушілерге барлық ескертулерді ескеріп, құжатты қайта пысықтау тапсырылды.

Бүгін, 12:13

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью