Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
«Нұрсая» ықшамауданындағы аумағы 6 мың шаршы метр болатын ғимаратта енді 9 бөлім жұмыс істейді. Олардың арасында қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, құрылыс, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, экономика және бюджет жоспарлау, жолаушылар көлігі мен автожолдар, ішкі саясат, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен әкім аппараты бар.
Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Қаныш Сәтбаев даңғылының бойында орналасқан ғимаратында жұмысын жалғастыра береді.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың айтуынша, бұл шешім екі мәселені шешеді. Бірінші, қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша сапалы әрі тез қызмет көрсетуге мүмкіндік туады. Екінші себеп бюджет қаражатын үнемдеумен байланысты. Бұған дейін әкімдіктің бөлімдері жұмыс істеген ғимараттарды күтіп ұстауға, күзетпен қамтуға және коммуналдық шығынды төлеуге ай сайын 88 млн теңге дейін қаржы жұмсалған.
— Бөлімдердің ғимаратын күтіп ұстау, күзет қызметімен қамту, коммуналдық шығындарды төлеу шығы 80-88 млн теңгенің ортасында болған еді. Қазір 16 млн теңгеге басқа ғимаратты жалға алудың арқасында шығынды бірнеше есе азайттық. Біз қазына қаржысын үнемдеп отырмыз. Бөлімдер көшкен жаңа ғимараттың ай сайынғы ақысына күзет қызметі мен коммуналдық шығын кіреді, — деді қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов.
Жуықта бұл ғимаратқа Атырау қаласының әкімі де көшеді.
Бөлімдер бұрын жұмыс істеген ғимараттарды басқа мемлекеттік мекемелердің балансына беру жоспарланып отыр. Мейіржан Мұқасовтың сөзінше, босаған нысандарға сұраныс жоғары.
Әзірге шаһар басшылығында жаңа ғимарат салу жоспарда жоқ. Алдымен әлеуметтік маңызы бар, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, қаржыны сол бағытта жұмсамақ.
Бұған дейін Атырау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі 10 калькуляторды 3,9 млн теңгеге сатып алмақ болғанын жазған едік.