Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Қардың қалың болуына байланысты Батыс Қазақстан облысынан бағыт алған ақбөкендер легі Каспий теңізіне қарай көші жүруде. Атырау облысының Құрманғазы ауданы арқылы өтетін жолда ақбөкендер ауылдардың ішінде толып жүр.
Мамандардың айтуынша қар қалың түскендіктен 1 млнға жуық киік азық іздеп теңізге қарай баруы соңғы 10-12 жылда болған көрініс екен.
- Олардың көп бөлігі теңізге қарай шұбырса, кейбіреулері Мыңтөбе, Нарын құмына бағыт алған, онда мүмкіндік бар азық табуға. Азғыр өңірінде де қар шамадан тыс қалың түсті, киіктер табиғи инстингпен осылайша теңіз қамысын қорек етуге асығуда. Бір өкініштісі, Исатай аумағынан өту үшін "Атырау-Астрахан" автожолындағы қоршау кедергі болуда. Біз "ҚазАвтоЖолға" хат жаздық, қоршаудың кейбір жерлерін ашу үшін, өйткені киіктер өте алмай сансырап жүр. Өзім де осы жақта жүрмін, кейбір киіктер өтіп үлгеріпті, бірақ ол аз ғана тобы ғана. Қалай еткенде де киіктердің теңізге барар жолын ашпаса болмайды, -дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманы Мереке Шалқаров.
Құрманғазы ауданында желтоқсан айының ортасынан бері 2 мыңға тарта ірі қара түрлі инфекциялық жұқпалы аурумен ауырған. Кейбір тұрғындар шоғырланған киіктерден жұққан ауру ма деп күдіктенуде. Мамандар 4 ауылдық округке (Құрманғазы, Діңқызыл, Еңбекші, Бөкейхан) малдың кіріп шығуы және сойылуына уақытша шектеу қойыпты.
- Бұл аурудың киіктерге қатысы жоқ, ауырған малдарды емдеп жатырмыз. Атыраудан эпизототряд мамандары келіп, қора-жайларды дезинфекциялап кетті. 1945 мал ауырып, 892-і емделді. Тұрғындарға ескертіп жатырмыз, егер мал ауырса дереу хабарласып шарасын алуға, - дейді аудандық аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Саясат Жәнібеков.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бүгін, 18:38