“Атырау Индер” жолын жаздың аяғына дейін ашу жоспарланды

02.04.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Атырау облысында стратегиялық маңызы бар автожолдың жаңартылған учаскесін пайдалануға беруге дайындық жүріп жатыр. Атырау – Индер бағыты бойынша көлік қозғалысын биыл жаздың соңына дейін ашу жоспарланып отыр.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жұмыс сапары аясында “Атырау – Индер” тасжолын (0–10 км учаскесі) және Жастар көшесін қайта жаңғырту жобаларының жүру барысымен танысты. Мердігер ұйым өкілдерімен жобаларды жүзеге асырудағы негізгі мәселелерді талқылады. Әкім өз сөзінде жұмыстың уақытылы, стандарттарға сай және сапалы орындалуына, сондай-ақ барлық кезеңде де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша мән беру керегін айтты. 

Нысандардағы жұмысты мердігер “Атырауинжстрой-АИС” ЖШС жүргізуде. Бүгінде учаскелерге техника жұмылдырылып, 20-дан астам арнайы техника мен екі бригада тартылған. 

Атырау - Индер жолы: не өзгереді? 

“Атырау–Индер” автожолын қайта жаңғырту кезең-кезеңімен іске асырылуда: жекелеген учаскелердегі жұмыс 2019, 2022 және 2025 жылдары басталған. Бүгінде 10 шақырымның 6,4 шақырымы жөнделді. Қалған 3,6 шақырымды 2026 жылдың аяғына дейін жаңартып, жаздың соңына дейін жол қозғалысын ашу жоспарланып отыр. 

– Біз көлік легін көбейтіп, қалаға кіреберіс жолдарды түгелдей төрт жолақты стандартқа сәйкестіндіруді мақсат етіп отырмыз. Мұны болашақтағы жағдайды ескере отырып, жекелей алғанда, Талғайраң ықшамауданының даму перспективасына ыңғайластыра жасап отырмыз. Бас жоспарда бұл ықшамауданда тұрғын үйлер салу көзделген, - деді аймақ басшысы. 

Әкімнің сөзінше, “Атырау – Астрахань” тасжолы республикалық деңгейден жергілікті қаржыландыруға ауыстырылып, төрт жолаққа кеңейтілген. Осы тектес жұмыстар Атырау – Доссор және Атырау – Орал бағыттарында да жүріп жатыр, бүгінде жобалау басталды.

Осының нәтижесінде қалаға кіретін негізгі бағыттардың барлығында да қозғалыс төрт жолақта қамтамасыз етілмек. Мұндай жұмыстар қаладағы магистральдық көшелерде де жүріп жатыр. Бұл қаланың одан әрі дамуына негіз болып, транспорттық  қолжетімділікті арттыра түседі. 

Жастар көшесі: «Көктемнен» Еркінқалаға дейін

Облыс әкімі Жастар көшесін қайта жаңғырту барысымен де танысып шықты. Жоба 2024 жылы қолға алынған, жолдың жалпы ұзындығы – “Көктем”базарынан Еркінқала ауылдық округі аралығындағы 11,7 шақырым. Бүгінге дейін мұнда 3,2 км жол төселген. 

Жоба жетекшісі Зайни Мұстажаповтың сөзінше, биыл жолдың 8,7 шақырымдық учаскесіндегі реконструкцияны аяқтау жоспарланған. Сәуірде қатарынан үш учаскеде жұмыс басталып, оған шамамен 70-тей адам тартылады.

Аймақ басшысы жобаны уақытында аяқтауды қамтамасыз етуді және оған қоғамдық бақылау жасауға жергілікті тұрғындарды тартуды тапсырды.

Бүгін, 16:41

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью