Атырау мектептеріндегі бейнебақылау жүйесіне ЖИ енгізіледі

15.01.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың айтуынша, облыс аумағындағы 520 мектепке бейнекамера орнатылған. Соның ішінде «Nazar» жобасы аясында қала мектептеріне қойылған 2500-ге жуық камера Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

— «Nazar» жобасы 2024 жылы іске қосылды. Бұл — Қазақстан бойынша тек Атырау облысында жүзеге асқан бірегей бағдарлама. Жоба қауіпсіздікті бақылаумен қатар, сабақ өту сапасын да қадағалауға мүмкіндік береді. Әдіскерлер үшін бұл — үлкен көмек. Алдағы уақытта камера жүйелеріне жасанды интеллект функциялары енгізіліп, қауіпсіздік деңгейі одан әрі күшейтіледі, — деді Дарын Шамұратов.

Сондай-ақ өңірдегі білім беру ұйымдарының басым бөлігі техникалық қауіпсіздік құралдарымен толық жабдықталған. Атап айтқанда, 495 нысанда турникет орнатылған, 462 мекеме лицензияланған күзет қызметімен қамтылған, ал 520 ұйымда дабыл түймесі бар. Барлық мемлекеттік балабақшаның кіреберісіне байланыс құрылғылары қойылған. Террористік тұрғыдан осал деп танылған 364 білім беру нысаны жедел басқару орталығына толықтай қосылған.

Фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Әкім орынбасары жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына да тоқталды. Қазіргі уақытта 187 бала полиция есебінде тұр. Бұдан бөлек, 275 оқушы мектеп пен колледж ішілік есепке алынған, ал 200-ге жуық ата-ана қолайсыз отбасы ретінде бақылауға алынған. Осыған байланысты өңірдегі барлық оқу орнында 8 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып отыр.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қызылордада бейнебақылау камералары арқылы 176 қылмыс ашылғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ ЖИ-камералар патруль көліктеріне де орнатылғанын жаздық.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью