Атырау неге жарыққа жарымай отыр?

30.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Коллаждарды жасаған – Гүлмәрия ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»

«Атырау облысындағы тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Кейінгі жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр стансасын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ олардың мүмкіндігі шексіз емес. Өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артады. Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бас­тау қажет. Мен былтыр батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу туралы тапсырма бер­дім. Үкімет осы мәселені пысықтап, нақ­ты шешім қабыл­дауы қажет. Сондай-ақ электр желі­лерін жөндеу жұмыстарын респуб­лика­лық бюджеттен қаржыландыру мүм­кін­дігін қарастыру қажет. Бұдан бөлек, «Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет», деген еді Президент.

Содан бері төрт жылға жуық уақыт өтті. Алайда Президент жүктеген бірнеше тапсырманың бірде-біреуі әлі толық орындалған жоқ. Электр жарығы оқтын-оқтын өшіп, тұрғындар ренішін туғызып отыр. Әсіресе аптап ыстық басталған қазіргі кезеңде таңертеңнен кешке дейін электр жары­ғынсыз қалу оңай емес. Атырау қала­сы­ның жеке секторындағы көшелерде электр жарығы таңертеңнен кешке дейін өшіп тұра­ды. Бұл түйткілді шешу үшін қандай іс қолға алынды?

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­ма­сының басшысы Айдулат Кенжебеков ұсынған мәліметке қара­ғанда, Президент 2022 жылғы 8 қарашадағы Атырау облысына жұмыс сапары кезінде негізгі үш міндетті жүктеген. Оның бірі – батыс өңірді Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосу. Екіншісі – облыстың электр желілерін кешенді жаңғыртуды бастау, ал үшінші міндет – желілерді жөндеуді республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарастыру және «Атырау Жарық» ЖШС өз мін­деттемелерін орындамаса, онымен арадағы келісімшартты бұзу.

Осыған орай «Атырау Жарық» ЖШС-ның 2023–2029 жылдарға арнал­ған ин­вестициялық бағдарламасы бар. Бағ­­дарламаға сәйкес 2023 жылы «Қара­тон-2» қосалқы стансасы, 32 ТҚ/КТҚ жаңар­тылып, 39,48 шақырым 0,4 кВ әуе желісі ауыстырылды. Осындай жұмыс­тарға 1 млрд 282 млн 284 мың теңге жұмсалды. Сондай-ақ 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қаратон-2» қосалқы стансасын жаң­ғыр­­ту­дың екінші кезеңі аяқталып, Ақжар ауылы мен Өндірістік-Алатау көше­сінде жаңа КТҚ-лар орнатылып­ты. Бұл жұмыстардың құны 482 млн 91 мың теңгеге бағаланып отыр.

«Атырау Жарық» ЖШС 2024 жылы 1 шілдеде тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін іске асыра бастады. Осыған байланысты 2024–2029 жылдарға арналған жаңа инвестициялық бағдар­лама қабылданды. Оның жалпы құны – 15 млрд 637 млн 323 мың теңге. Сол кезден 2025 жылғы шілдеге дейін бірнеше бағытта жұмыс атқарылыпты. Оның ішінде «Қаратон-2» қосалқы стансасын жаңғыртудың үшінші кезеңі, «Қ.Әліпов» қосалқы стансасында 10 кВ сыртқы блок-модульдік тарату құрылғысы ауыстырылып, ұзындығы 26,1 шақырымдық 110 кВ «Қаратон-1» – «Теңіз-220» әуе желісін қайта жаңарту, 13 реклоузер мен тозып тұрған ТҚ/КТҚ орнына 5 жаңа нысан орнатылыпты. Осы кезеңде 5 арнайы техника мен электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің жабдықтары сатып алынған. Ал биылғы шілдеге дейін «Аралов», «Оңтүстік» қосалқы стансасын жаң­ғыр­ту, Атырау қаласындағы жалпы ұзындығы 16 шақырымнан асатын 10 кВ кабельдік желі мен 16 реклоузерді жаңарту жұмысы жүргізіліпті.

Тағы бір бағыт – «Тарифті инвес­тицияға айырбастау» бағдарла­масы. Осыған орай 2025–2026 жыл­дар­ға арналған инвес­ти­циялық бағ­дарлама бекітіліп отыр. Мем­ле­кет­тік маңызы бар бағдарлама аясында Аты­рау қаласындағы  7, Мақат ауданындағы  6 ны­санды, тозығы жеткен 73,957 шақырым 6–10 кВ желілер жаңғыртылады. Оған 1 млрд 293 млн 787 мың теңге жұмсалады.  Қазір құ­ры­лыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр.

Биыл «Энергетика және комму­налдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына 9 ірі жоба ұсынылып отыр. Соған сәйкес Жылыой, Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға Индер, Исатай аудандары мен Атырау қаласында электр желілерін ауыстыру, 16 қосалқы стансаға SCADA цифрлық жүйесі енгізіледі. 

Электр желілерін жаңартуға жер­гілікті бюд­жеттен бөлінген қаржы көле­мі аз емес. Мәсе­лен, былтыр 6,5 млрд теңгеге 192 шақы­рым электр желісі жаңғыртылыпты. Ал 2020 жылдан бері 12 елді мекенде тозып тұрған 250 шақырым желі ауыстырылып­ты. Ма­мандардың есебіне сүйенсек, бұл жұ­мыс­тың жалпы сомасы 16,639 млрд теңгені құраған.

«Атыраудың оң жағалауын электр энергиясымен қамтамасыз ететін қуаттылығы 32 МВт «Нұрсая – Самал» қосалқы стансасының құры­лысы аяқ­та­лып, пайдалануға берілді. Оның құны – 3,5 млрд теңге. Шаһардың сол жаға­лау бөлігіндегі ұзындығы 162 ша­қы­­­рым жоғары вольтты жерасты желі­лерін жаңғырту жобасына мемлекеттік сарап­­таманың оң қорытындысы алынды. Бұл жобаның құны 15,9 млрд теңгені құ­рап отыр. Құрылыс бюджеттен қаражат бө­лін­­ген кезде басталады», дейді Айдулат Кенжебеков.

Президенттің батыс өңірді Қазақ­станның бірыңғай электр желі­сіне қосу туралы басты тапсырмасы іске асты ма? Басқарма басшысы А.Кенжебековтің дерегіне сүйенсек, 2023 жылғы 28 қарашада жалпы ұзындығы 779,7 шақырымдық «Орал – Оң жағалау – Индер – Қарабатан – Құлсары – Теңіз» 220 кВ әуе желісі пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Орал», «Құлсары», «Теңіз» 220 кВ қосалқы станса­ларында жұмыстар аяқталды.

«Транзиттің екінші тізбегін іске қосу­ нәтижесін берді. Мәселен, «Батыс Қазақстан – Атырау» учаскесінің өткізу қабілеті 100 МВт-дан 200 МВт-ға дейін, «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-дан 200 МВт-ға дейін артты. Батыс өңірдегі электр желілерінің сенімділігі екі есе өсті. Тұтынушылардың желіден ажырау ықтималдылығы мей­лінше төмендеді. Осы жоба бо­йын­ша игерілген капитал салымы 48 313,1 млн теңге, оның ішінде Атырау облы­­сында 35 800,4 млн теңгені құрады», дейді А.Кенжебеков.

Батыс Қазақстан облыстарын бірыңғай электр желісімен толық интеграциялау жобасы 2023–2027 жылдарға жоспарланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне 2024 жылғы 12 ақпанда мемлекеттік сарап­та­маның оң қорытындысы алынып­ты. Былтыр жобалау-сметалық құжат­та­ма­ны да­йындау аяқталыпты.

«Қазіргі уақытта «Қарабатан» 500 кВ АРҚ құрылысы жүріп жатыр. Оның құны 22,49 млрд теңге, толық аяқтау мерзімі – 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Сондай-ақ ұзын­дығы 578,2 км болатын «Өлке – Қарабатан» 500 кВ әуе желісінің құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Бұл жобаның құны – 138,9 млрд теңге», деп мәлімдеді басқарма бас­шысы.

Алайда Президенттің тапсырмасына сәйкес электр желілерінің тозу үлесін төмендету әзірге мүмкін болмай тұр. Мәселен, 2025 жылы тозу деңгейі 67,3%-ды құрады. Бұл көрсеткішті 2026–2029 жылдардағы жаңғырту есебінен 59,9%-ға дейін төмендету жоспарланыпты.

«Президент тапсырмасы бойынша жұмыстарды толық аяқтау мерзімі 2029 жылға дейін жоспарланды. Мұның объективті себептері бар. Біріншіден, инфрақұрылымдық жобаның ауқымы мен күрделілігі. Атырау облы­­сындағы электр желілерінің тозу деңгейі 67,3%-ды құрайды. Бұл – инфра­құ­рылымның ондаған жыл бойғы физи­калық ескі­руі­нің салдарынан пайда болған көр­сет­кіш. Облыс бо-йынша желілерді ауыстыру мәселесіне кешенді түрде қарау керек. Бұл – кезең-кезеңімен жүр­гізілетін жұмыс. Бір аудан­ды желі­ден толық ажыратпай, оны жаң­ғыр­ту техникалық тұрғыда мүмкін емес. Екінші себеп – ірі жобаларды іске асыру мерзімінің ұзақтығы. Осы орайда ең ірі жобалар «Өлке – Қарабатан» 500 кВ әуе желісі (578,2 км) мен «Қарабатан» 500 кВ АРҚ өзінің ауқымына қарай 2027 жылға дейінгі толық құрылыс циклін қажет етеді. Бұл осындай санаттағы ны­сандар үшін стандартты мерзім болып есептеледі. Осы жұмыстар аяқтал­майынша, Батыс Қазақстанды бірыңғай электр желі­сімен толық интеграциялау мүмкін емес», дейді басқарма басшысы.

Үшіншіден, бюджеттік шектеулер де теріс ықпалын тигізіп отыр. Жоба­лардың бір бөлігі бойынша мем­лекеттік сараптаманың оң қоры­тындысы алынғанымен, құрылысы әлі басталмай тұр. Себеп – құрылыстың бас­талуы республикалық бюджеттен қаражат бөлінуіне байланысты. Сондай жобаның қата­рында Атыраудың сол жағалау бөлігін­дегі құны 15,9 млрд теңге болатын 162 км жерасты желілерін жаң­ғыр­ту бар.

Міне, жоспарда осындай ауқымды жобалар бар. Бірақ оның жемісін тұты­нушылар әлі көре алмай отыр. Өйт­кені тұрғындар күн сайын жарық­сыз отыруға мәжбүр. Бұл – жыл са­йын жиі қайталанатын жайт. Алайда өңірді электр энергиясымен қамтитын «Атырау Жарық» ЖШС басшылары кейде жарықтың өшу себебін ауа райы­ның қолайсыздығымен байла­ныс­ты­руға құмар.

Мәселен, 30 наурызда мұнайлы 3300 заңды тұлға мен 23 мыңнан астам жеке абонент электр жарығынсыз қалды. «Атырау Жарық» ЖШС бас­па­сөз қызметі мұны қолайсыз ауа райы­мен байланыстырды. Уәждің себебі – жа­уын-шашын кезінде электр желі­ле­рін­дегі изоля­торларға жинал­ған шаң мен топы­рақ ылғалмен қосылып, тоқ­тың жерге өтуі.

«Электр қондырғыларында арнайы изоляция бар. Бірақ сыртта тұрған изоля­­тор­ларға шаң, топырақ жиналса, жаң­быр жауғанда ылғалмен араласады. Бұдан электр желісіне ақау түседі. Осындай себеп­тің салдарынан бір әуе желісіндегі 30–40 трансформатор бірден сөнуі мүмкін», дейді «Атырау Жарық» ЖШС бас инженері Қуат Сисенғалиев.

Атырау облысында қуаты 220–380 вольттан 10 мың вольтқа дейін жететін 5600-ден астам трансформатор бар. «Атырау Жарық» ЖШС 1600 транс­фор­маторға иелік етеді. Ал Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміне 800 трансформатор алынған. Шаһар әкімдігінен жыл са­йын электр желілерін күтіп-ұстау, апатты жағдайларды қалпына келтіруге шамамен 350 млн теңге бөлінеді екен. Алайда мұнайлы шаһарда электр жарығының сөнбейтін күні жоқ. Бұл қашанға дейін жалғасары әзірге белгісіз.

 

Атырау облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью