Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. 10 жылға сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды.
КТК-ның мәліметінше, Астана қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты экс-шенеуніктің мерзімінен бұрын босату туралы берген ресми өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Сот шешімімен келіспеген Таубаев апелляциялық шағым түсірген. Алайда Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шағымды қарап, бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Осылайша бұрынғы шенеунік жазасын одан ары қарай өтей бермек.
Нұрлан Таубаевтың түрмеден шығуына шамамен екі жыл қалған. Ол 2022 жылдың мамырынан бері түрмеде отыр, ал оған дейін екі жылға жуық уақыт тергеу изоляторында қамауда болды.
Еске салсақ, 2020 жылы Нұрлан Таубаев пен сол кездегі Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров өңірдегі жол құрылысын жүргізген мердігер компаниядан 182 млн теңге көлемінде пара алмақ болды деген күдікпен ұсталған. 2022 жылдың мамырында сот Таубаевты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған.