Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, эпизоотиялық жағдай өткен жылдың соңында күрделене бастаған. 2025 жылғы 22 желтоқсанда Құрманғазы ауданының Бөкейхан, Дыңғызыл, Еңбекші және Құрманғазы ауылдық округтерінде ірі қара мал арасында ауру белгілері анықталған.
Атап айтқанда, сиырлардан сілекей ағып, ауыз қуысында афта пайда болған және дене қызуы көтерілген. Зертханалық тексерулер нәтижесінде вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит қоздырғыштары анықталған еді.
Жалпы Құрманғазы ауданында 609 жеке үй мен 55 шаруа қожалығының 6316 сиыры бұл ауруға шалдыққан. Қазіргі уақытта 5484-і аурудан айыққан, ал 826 сиыр емделіп жатыр. 6 ірі қара шығын болған.
- Атырау облысының Құрманғазы ауданында ірі қара мал арасында тіркелген ауру жағдайына байланысты эпизоотиялық ахуал тұрақты бақылауға алынды. Эпизоотиялық жағдай толық бақылауда. Ветеринариялық-санитариялық шаралар кешені уақтылы жүргізіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр,-деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, бұл кесел Исатай ауданында да тіркелген. Мұнда бүгінге дейін 889 бас ірі қара малдан ауру анықталған. Оның 728-і емделіп шықса, 161 басы әлі ем қабылдап жатыр. Бұл ауданда мал шығыны тіркелмеген.
Жауапты мекеме өкілдері өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта індеттің таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар жалғасып жатыр.
Қыста Исатай ауданында мал азығы бойынша мәселе туындап, аудан әкімдігі бірнеше ауылға БҚО-дан арзан бағада жем жеткізіп берген еді.