Атырау облысында белгісіз мал ауруы таралуына байланысты сиыр етін сатуға тыйым салынды

12.02.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Исатай ауданында ірі қара мал арасында жұқпалы ауру тағы бір елді мекенде тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аққыстау ауылдық округіне қарасты 17-бекет (Томан) ауылында 4 ақпаннан бері бүгінге дейін 33 бас ірі қара малдың ауырғаны анықталды.

Малдан байқалған клиникалық белгілер көршілес Құрманғазы ауданы мен Исатай ауданының Зинеден ауылдық округінде тіркелген инфекциялық ринотрахеит ауруына ұқсас. Атап айтқанда, малдың ауыз қуысынан сілекей ағу, жемшөпке тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер бар.

Қазіргі уақытта 17-бекет ауылында үш ветеринар маман жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін ауыл тұрғындарына тиесілі 186 бас ірі қараға вакцина салынды. Алдағы күндері егу жұмыстары толық аяқталып, ауырған малдарды емдеу шаралары күшейтілетін болады.

Бұған дейін Құрманғазы ауданының Дыңғызыл, Бөкейхан, Еңбекші, Құрманғазы ауылдарында және Исатай ауданының Зинеден ауылдық округінде ірі қара арасында инфекциялық ринотрахеит ауруы тіркелген еді. Жалпы алғанда, 1 407 бас малдан ауру белгілері анықталып, оның 86-сы Зинеден ауылдық округіне тиесілі.

Аталған алты елді мекенде мал қозғалысына және ет өнімдерін сатуға уақытша шектеу қойылды. Ветеринар мамандар ауру малдарды оқшаулап, емдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазіргі таңда алты ауылда карантин режимі енгізіліп, эпизоотиялық жағдай ветеринариялық қызметтің тұрақты бақылауында.

Баян Жанұзақова

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью