24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
2025 жылы Атырау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 188 рет сенбілік өтті.
6 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 67 мың аула тазартылды. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шаралар өтті. Оқу орындарында ақпараттық- насихат жүргізілді. Табиғат жанашылары мен волонтерлердің еңбегі ерен, - дейді ұйымдастырушылар.
Табиғат жанашыры Берік Есенғалиевтің ісі көпке үлгі. Жайықтың түбінің ластанғанын байқаған әуесқой балықшы өз күшімен тазалық жұмыстарын жүргізді. Кейін әлеуметтік желі арқылы қала тұрғындарына үндеу жасап, ол кеңінен қолдау тапқан. Бос уақытында осылай Жайыққа келіп, өзен түбіндегі қоқысты шығарады.
Берік Есенғалиев, қала тұрғыны:
- Мен ешкімнің қолынан келмейтін істі істеп жатқан жоқпын. Арқанмен «якор» жасап алдым. Барлығыңыз өзіңіз тұратын жерді, балық аулайтын жерлеріңізді осылай тартып, тазалаңыздар. Қоқыс шығарыңыздар. Шашып бара жатқан адамды көрсеңіздер, ескерту жасаңыздар. Балаларыңызды алып келсеңіздер де, қоқысты жинап көрсетіңіздер. Жүрген жерін таза ұстап жүруді үйретіңіздер. Тазалық мәдениетін үйретіңіздер.
Өңір жастары арасында да экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған жоба көп. Мектеп оқушылары мен оқу орындарының студенттері өз жобасын қорғап, бірнеше акция ұйымдастырған.
Алмат Тағыбергенов, жас эколог:
- Жайықтың маңында, жалпы қала, облыс аумағында бірнеше экологиялық акцияларды ұйымдастырамыз. Сонымен қатар Атырау қаласындағы полигондағы және соның ішіндегі «Экодаму» қоқыс сұрыптау пунктінде біздің волонтерлер қызмет етеді. Одан тыс, біз экология гранттың жеңімпазы атанып, соның аясында бірнеше мектептерде экологиялық жобаларды жүзеге асырып келеміз.
Облыс орталығында 2025 жылы 180 мың шаршы метрге жуық қоқыс жиналып, полигонға шығарылды. Сонымен қатар 1000-ға тарта қоқыс контейнері сатып алынды. Тұрмыстық қалдықты заңсыз төккендерді анықтау жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді.
Ғасырбек Төлеген, Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Биылғы жылы жалпы өзінің үй-жайының алдын немесе кәсіптік нысандардың аумағын рұқсатсыз, қоқыс алаңына айналдырып, тазалық тәртіптерін сақтамаған 4 мыңға жуық азаматқа ескерту және айыппұл салу жұмыстары жүргізілді.
Былтыр «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде 188 сенбілік өтті. 6200 тонна қоқыс жиналған. Сондай-ақ аймақты көгалдандыру мақсатында мұнай-газ компанияларымен меморандумға қол қойылып, 2027 жылға дейін 7 млн ағаш егу жоспарланып отыр.
Зарина Төребаева, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а:
- 62 мыңнан астам ағаш егілді. Бұдан басқа 67 мыңнан аса аула тазаланды. Білім беру ұйымдарында ашық сабақтар көптеген өткізіліп келді. Конкурстар мен фотосуреттер ұйымдастырылды.
Жалпы облыста қоқысты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу мақсатында 5 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде мыңдаған тонна қалдық қайта өңделіп, 200-ге тарта жұмыс орыны құрылады, - дейді жауаптылар.
Қазір өңірде тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында ауадағы зиянды заттарды бақылауға арналған 54 мониторинг станциясы жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, Экология кодексіне сәйкес, 5 кәсіпорын ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге міндеттелді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин