Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Атырау облысының Махамбет ауданындағы елді мекендерді су шаю қаупінен қорғау үшін Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта Махамбет ауылында 4,5 шақырым жағалау нығайтылды. Бұдан бөлек, Алға, Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарында жалпы ұзындығы 6,7 шақырымды құрайтын учаскелерде құрылыс жұмыстары қызу жүруде.
Атап айтқанда, Алға ауылындағы 3,2 шақырымдық нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 55 пайызы аяқталды. Ал Бейбарыс ауылында биыл бастау алған 1,7 шақырымдық жағалауды бекіту жобасы қазір бастапқы кезеңде тұр.
Талдыкөл ауылындағы жағалауды нығайту жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Жоба аясында өзен жағасы бетон және темірбетон плиталармен қапталады.
«Жоба бойынша тұрғындарға арналған жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандыру бағандары мен демалыс орындықтары орнатылады. Нысанды 2027 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған. Қазір құрылыс басында төрт КамАЗ, бір кран және алты арнайы техника жұмыс істеп жатыр», – деді мердігер мекеме «Павлодар өзен порты» АҚ учаске басшысы Қуандық Жұмабаев.
Сондай-ақ аудандағы Сарайшық, Сарытоғай, Есбол ауылдары мен Махамбет – Сарытоғай бағытында да жағалауды бекіту жобалары әзірленіп жатыр. Бұл аумақтарда жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын бөгет салу көзделген.
Кешенді инфрақұрылымдық шаралар өзен жағасында орналасқан ауылдарды су шаюдан қорғап, топырақтың эрозияға ұшырау қаупін азайтуға және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Бүгін, 11:14