Атырау облысындағы 53 мектепте күзет компаниясымен келісімшарт жоқ

26.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қауіпсіздік деңгейіне қарай мектептер 2 топқа бөлінеді. І санатқа оқушы және қызметкер саны 100-ге жетпейтін мектептер жатады. Бұл нысандар заң бойынша мамандандырылған күзетпен бақыланбайды. Тек штаттағы күзетші ғана қауіпсіздікке жауап береді. Ал ІІ санатқа кіретін 134 мектеп міндетті түрде мамандандырылған күзетпен қамтылуы тиіс. Алайда бүгінгі күні жағдай көпті алаңдатады.Себебі 115 мемлекеттік мектептің 27-сінде ғана күзет қызметі толық жасақталған. Ал 35 мектепте күзетшілердің жас ерекшеліктеріне байланысты талаптарды сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатыр. 53 білім ордасында күзет қызметін ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары әлі аяқталмаған. Бұл жұмыс наурыз айында қорытындылануы тиіс.

Білім беру басқармасына қарасты тәрбие бөлімінің бас маманы Кәмшат Шошақованың сөзінше, тендерлердің созылып кетуіне қызмет көрсетуге ниетті кәсіпкерлердің аз болуы себеп. Жалпы білім ошақтары күзет компаниясымен 3 жылға келісімшартқа отыруы тиіс. Білім беру ұйымдары мемлекеттік сатып алу бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылдың 15 мамырдағы «Білім беру ұйымдарында күзет қызметтерін сатып алу жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттаманы бекіту туралы» №112 бұйрығын басшылыққа алады.

- Осы бұйрықты негізге ала отырып, келісімшартты қайта жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Атырау қаласындағы 71 мектептің 67-сі шартты қайта жасақтап жатыр. Олардың арасында тендер қорытындысы шығып, жұмысты ұйымдастырып жатқан білім ошақтары бар. Жалпы тендер жарияланғанмен техникалық талаптарға байланысты сұраныс түспейтін жағдайлар болады. Осы себепті күзет қызметі ұйымдастырылмай отыр. Дегенмен мектеп әкімшілігі тарапынан жұмысшы мамандар қызмет атқарып жатыр. Мектептерде ішкі тәртіпке сәйкес мұғалімдердің кезекшілігі ұйымдастырылады, - деді облыстық Білім беру басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Кәмшат Шошақова.

Басқарма өкілдерінің сөзінше, мектеп күзетшілерінің жасы 25 пен 50 жас аралығында болуы тиіс. Бүгінде бұл күзет компанияларына қойылып отырған басты талаптың бірі.

Атырау облысына ақпан айында Оқу-ағарту министрлігінің бір топ маманы мектеп қауіпсіздігі бойынша тексеріс жүргізген еді. Бұған Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған жағдай себеп. 10 сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларды балтамен қуалаған сәті әлеуметтік желіге жарияланған еді. Бұл топтың құрамында білім беру басқармасының қызметкерлері де болды. Олардың айтуынша, мониторинг кезінде мектептердің кейбірінде дабыл түймесі іске қосылмаған, жедел топтың белгіленген уақытта келмеуі сынды кемшіліктер анықталған. Мониторингтің топ Атырау қаласындағы 66 мектепте болып, аудандардағы білім ошақтарының 80 пайызына барған.

- Бұрын мектеп ішіндегі қауіпсіздікке бір компания жауап берсе, ал дабыл түймесі басылғаннан кейін келетін жедел топтың жұмысы басқа мекемеге тапсырылған. Яғни, екі тендер жарияланып, қос келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта екі жұмыс бір компанияға тапсырылады. Нәтижесінде дабыл түймесі басылған жағдайда жедел әрекет ету тобы 10-12 минуттың ішінде мектепке келеді, - деді облыстық Білім беру басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Кәмшат Шошақова.

Басқарманың берген ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта 210 мемлекеттік мектепте орнатылған 11 813 камераның 531-і жөнделіп жатыр.

Айта кетейік, өңірде барлығы 524 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 235-і – орта білім беретін мектеп. Олардың 210-ы - мемлекеттік, 22-сі - жекеменшік, ал қалған үшеуі - арнаулы.

Еске салайық, 13 наурыз күні түстен кейін Атырау қаласындағы мектептердің бірінде 9 сыныпта оқитын оқушы 8 сыныптағы қызды үшкір затпен жарақаттағаны жөнінде жазған едік. 

3 күннен кейін оқушы жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью