Атырау облысындағы өзен көлдерде балыққа оттегі жетіспей жатыр

22.01.2026

24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Атырау облысындағы өзен-көлдерде мұз қалыңдап, балыққа оттегі жетпей жатыр.

Дер кезінде шара қолданбаса, қырылып қалуы мүмкін, дейді мамандар. Сондықтан Индер, Махамбет аудандары мен облыс орталығында мұз ою жұмыстары жүргізілуде.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Біз қазір Дамбы балық инспекциясына қарасты аумақтамыз. Мұндағы мұздың қалыңдығын қазір өлшеп көрейік, мінеки шамамен 27 сантиметр. Ал мамандардың айтуынша, егер мұз 10 сантиметр қатса, соның өзі балықтар үшін қауіпті. Өйткені судағы оттегі азаяды. Ал аэрация жұмыстары балық қорының сақталуы үшін аса маңызды.

Көктем шыға Жайық өзенінде ау тартатын кооперативтер қазір аэрация жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әр ұжым өзіне тиесілі аумақта мұз оюға міндеттелген. Қыстың көзі қырауда қалың мұзды ою оңай емес. Алайда балықшылар қолда бар құралмен, әр жерден ойық жасап, су маржандарына ауа жеткізіп жатыр. 

Асқар Қадесов, балықшы:

- Қыс мезгілінде осылай әр тартымға шығып, осылай мұз ойып, балыққа ауа шығарамыз. Төрт те бес қылып оямыз, жан-жағына ломка 50 шақты, 100 шақты, бурмен, ломмен оямыз балыққа ауа шығарып. Біз енді 2-3 күн сайын барып, мына 5 тартым бар, 5 тартымды тазалап тұрамыз. Балық өлмеуі үшін, көктемде балық көбеюі үшін. 

Қазір Дамбы балық инспекциясына қарасты 13 нүктеде аэрация жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Себебі бұл жерлерде балықтың қырылу қауіпі жоғары. Сондықтан жауаптылар мұнда бақылауды күшейткен. 

Бауыржан Мақимов, Дамбы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- Біздің енді қазіргі тұрған жеріміз ерекше қорғалатын аймаққа жатады. Сондықтан бұл жерде әуесқой балық аулауға тыйым салынған. Сол себепті бұл жерде ешқандай бөтен адамдар ойық оймайды. Сол себепті тұншығу қаупі күшті боп есептеледі. Сондықтан осы жерде ойықтар ойылады. Қалыңдығына байланысты әрдайымда қадағалау жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. 

Аэрация жұмыстары аудандарда да қарқынды жүріп жатыр. Жайық бойындағы Индер, Махамбет аудандарында мұз 40 сантиметрге дейін қалыңдаған. Балықтың қырылуы қаупі жоғары аумақтар жиі тексеріледі, дейді инспекция қызметкерлері.

Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью