Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Атырауда бүтін бір отбасының жоғалуына қатысты мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген жергілікті журналист Жанат Молдашова өзіне белгісіз адамдар тарапынан қоқан-лоққы жасалып, қорқыту болғанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің айтуынша, ауылға барған кезде мұндай ауыр жағдайға тап боламын деп мүлде ойламаған.
"Мен ауылға барғанда мұндай сұмдыққа тап боламын деп ойламадым. Өзім ауылда өскен адаммын ғой. Оның үстіне Қызылқоға ауданы – Атырау облысындағы ең қаймағы бұзылмаған, қазақы ауылдардың бірі. Ондай жерден мұндай жауыздықты көремін деп мүлде күтпедім. Мен кез келген жағдайды алдымен өз бойымнан өткіземін. Бұл жағдайды да ішіме сақтап жүрдім. Алайда дәл сол күні екі үлкен кісінің денесінің өз сарайынан табылғаны маған өте ауыр тиді. Біз қалаға әрең жеттік, жанымыз қатты ауырды. Сол кездері түн ішінде бейтаныс адамдар қорқытып телефон соқты. Одан кейін маған түрлі жазбалар келе бастады. "Сен ойнайтын ойыншық емес, ойыннан шығып кет" деген мазмұнда хабарламалар болды. Менің қызметімде әлсіздікке берілуге болмайды. Журналист болғаннан кейін қылмыстың да, өзге де оқиғалардың бел ортасында жүреміз. Дегенмен бұл жағдай маған өте ауыр тиді", – дейді журналист.
Сондай-ақ Жанат Молдашова қазіргі уақытта басты күдікті деп танылған Сұлтан Сәрсемалиев туралы да ойын айтты.
"Кейбір видеолар тарады ғой... Сол кезде Ақбаянның хиджаб киіп, орамал тағып алғанын көруге болады. Бірақ туыстары оның нақты намаз оқитыны не оқымайтыны туралы айтпады. Мен бұл бағытта нақты ештеңе айта алмаймын", – деді журналист.