Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Атырау облысында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына қабылдау басталды.
Бұл туралы Атырау облысы ПД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарманың бөлім бастығы Ғалымжан Сембаев баспасөз брифингінде мәлім етті.
Талапкерлер Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары мен Ақтөбе заң институтына құжат тапсыра алады. Бұл оқу орындарында «Құқық қорғау қызметі», «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру», «Жедел іздестіру», «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл», сондай-ақ цифрлық криминалистика және ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету бағыттары бойынша мамандар даярланады.
- Оқу мемлекеттік тапсырыс негізінде жүргізіледі. Курсанттар жатақхана, тамақ, шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Оқуды аяқтаған түлектер 100% жұмысқа орналасып, «полиция лейтенанты» атағын алады, – деді Ғ.Сембаев.
Оқуға 16 мен 25 жас аралығындағы, орта білімі бар, денсаулығы жарамды және сотталмаған ҚР азаматтары қабылданады. Сонымен қатар бой өлшемі талапқа сай болуы тиіс.
Қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Үміткерлер медициналық, физикалық және психофизиологиялық іріктеуден өтіп, ҰБТ нәтижелері бойынша бағаланады. Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.
Сондай-ақ кейбір санаттағы талапкерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары, әскери қызмет өткерген азаматтар және жоғары нәтижелер көрсеткен мектеп түлектері конкурстан тыс қабылданады.
Бүгін, 16:11