Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өңір жастарымен кездесті.
Еркін форматта өткен жүздесуге Атырау қаласы мен аудандарынан келген 150-ден астам қоғамдық және жастар ұйымының белсенді өкілдері қатысты.
Жиында жастар бастамасы жайында әңгіме өрбіді. Кездесуге келгендер туризмді дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, креативті индустриялар факультетін ашу, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, өнер мен спортты қолдау бағытында ой бөлісті. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, туристік жобаларды іске асыру және өңірде халықаралық деңгейдегі заманауи технопарк құру мәселелері де талқыланды.
"Біздің міндетіміз - әрбір жасқа өзінің туып-өскен жерінде қарым-қабілетін дамытып, мақсат-жоспарын толық жүзеге асыра алатындай мүмкіндік беру", - деді Болат Ақшолақов.
Жастар аймақ басшысына сұрақтар қойып, бастамаларды іске асырудың мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Болат Ақшолақов жиын соңында жастардың белсенділігіне алғыс айтып, мұндай кездесулер олардың сұранысын жете түсінуге және өзекті мәселелерді бірге шешуге жол ашатынын жеткізді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бүгінде Атырау облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 208 мыңға жуық жас тұрады. Бұл -өңір халқының 29 пайызы. Оның ішінде 122 056 жас қалада, 86 695 жас ауылдық жерде тұрады.
Бүгін, 09:32