Атырау полициясындағы егіздер

23.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Егіз полицейлердің бірі – Әмір мен Дамир Бисенбайұлы. Атырау қаласында көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Анасы Әлия Әдиятқызының айтуынша, егіздер бала кезінен полиция болуды мақсат етіпті.

«Отбасымызда бес бала бар. Егіз ұлдарым бір-бірін үнемі іздеп тұрады. Бұл – олардың бала кезінен қалыптасқан басты ерекшелігі», дейді Ә.Әдиятқызы.

Әмір мен Дамир орта мектепті бітіргеннен кейін қатарластарымен бірге әскерге барған. Екеуі де 9 жыл таеквондо үйірмесіне қатысып, спорт шебері нормасын орындаған. Республикалық, халықаралық сайыстардан жүлделі оралған. Мәселен, Әмір 2013 жылы таеквондадан Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық турнирде екінші орынға ие болған. Ал әскерден оралған соң екеуі де еңбек жолын ішкі істер органынан бастауды ұйғарыпты. Қазір олар облыстық полиция департаментінде айдауыл қызметі взводының арнайы тобында жұмыс істейді.

Ал Олжас пен Жалғас Сыди­қов­­тар да еңбек жолын поли­ция органынан бастауға шешім қа­былдапты. Құрманғазы аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналасқан екеуіне полиция капитаны шені бір мезгілде беріліпті.

«Ауылдастарымыз бала кезі­мізде біздің атымызды жиі шатас­тыратын еді. Кейбірі шатаспау үшін Олжас, Жалғас деп екеумізді қатар шақыратын еді. Қазір киген киіміміз бірдей болса, айыра алмайтындар әлі де бар. Кейде әріптестеріміз де шатастырады. Полиция бөліміне шағым айта келген тұрғындардың арасында екеумізді айыра алмайтындар кездесті», дейді егіз жігіттер.

Олжас пен Жалғас мектепті 2014 жылы бітірген. Сол жылы Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түсіп, үздік бағамен аяқтаған.

«Отбасында ағаның қамқорлы­ғын көрдік. Қарындасқа аға болдық. Өйткені біз – отбасындағы ортаншы баламыз», дейді Олжас Сыдиқов.

Қазір Олжас облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі болып жұмыс істеп жүр. Ал Жалғас – Құрманғазы аудандық полиция бөлімі экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі. Бірі облыс орта­лығында, екіншісі ауданда жұмыс істегенімен, бір-бірімен үнемі байланысып, жиі кездесуге асығады.

«Мен жұмыс бабымен Атырау қаласында, сыңарым Жалғас Құрманғазы ауданында тұрады. Бірақ біз бір-бірімізді күн сайын­ іздеп, сөйлесіп тұрамыз. Бір-бірі­мізге көмек беруге дайынбыз.­ Өйткені біз – егізбіз», дейді О.Сыдиқов.

Үшінші егіз жұп – Исатай ауданында өмірге келген Дулат пен Думан Нұрмұханбетовтер. Дулат – Исатай аудандық полиция бөлімінде криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, ал Думан тергеу бөлімшесінің тергеушісі қызметін атқарып жүр.

«Полиция қызметкері болу – ең жауапты мамандық. Себебі тәртіп сақшысы үнемі қоғам мүддесі, тұрғындар қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарады. Халық күн сайын қауіпсіздігін де, тыныштығын да қорғайтын полицияның қызметіне сенімді болуы керек. Осындай жауапты саланы таңдағанымызға өкінбейміз. Бір салада жұмыс істеудің артықшылығы бар. Біз бір-бірімізді іздеп, көмектесуге дайын тұрамыз», дейді Дулат пен Думан.

Атырау облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью