Атырау зауыты кілем өндірісін арзандатты

22.05.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Шымкенттегі «Bal Carpet» фабрикасы кілем өндірісінде Атыраудағы «KPI Inc.» ЖШС шығаратын полипропиленді пайдаланып отыр. 

2013 жылы іске қосылған кәсіпорынның аумағы 6,5 гектарды қамтиды. Өнімдер Қазақстан нарығымен қатар Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытайға жеткізіледі.

Алғашқы жылдары полипропилен жіптері шетелден әкелінсе, 2018 жылы фабрика өз цехын іске қосып, өндіріс толық автоматтандырылды. Шикізат 235 градус температурада балқытылып, жіпке айналады, кейін одан кілем тоқылады. Жылдық қуаттылығы – 6 млн шаршы метр.

Фабрика директорының орынбасары Алмас Әбішевтің айтуынша, KPI зауыты іске қосылғаннан бері тұрақты әріптестік орнаған. 

— Полипропиленнің сапасы біздің талапқа сай. Қойманың болуы да ыңғайлы: қажетті уақытта шикізатты алып, өндірісті тоқтатпай жұмыс істейміз. Отандық өнімнің арқасында кілем бағасы 20 пайызға дейін төмендеді, — дейді ол.

Кәсіпорын жылына шамамен 4 мың тонна полипропилен сатып алады. Қазіргі таңда 17 тоқыма станогы жұмыс істеп тұр, 1500-ден астам ерекше дизайндағы кілем түрі бар. Фабрика Атыраудағы 30 дистрибьютормен серіктесіп, жылына 300 мың шаршы метр өнім жеткізеді.

— Әр аймақтың талғамы әртүрлі. Атырауда ұлттық ою-өрнекпен қатар заманауи абстрактілі үлгілерге сұраныс жоғары. Эскизді серіктестер мақұлдаған соң кілем дайындалады, — дейді А. Әбішев.

Фабрикада бүгінде 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, қуаттылықты ұлғайту жоспарланып отыр.

Бүгін, 14:02

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью