Атырау ЖЭО су тұндырғыш учаскесіне санитарлық аймақ неге жасалмағанын түсіндірді

20.05.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Атырау жылу электр орталығы (ЖЭО) учаскені зиянды әсер көзі деп есептемегендіктен, оған бұрын бөлек санитарлық аймақ жасалмағанын мәлімдеді. 

Айыппұл салынғаннан кейін кәсіпорын санитарлық қорғау аймағы (СҚА) жобасын әзірлеуді бастап, даулы аумақта не үшін әк қолданатынын түсіндірді.

«Атырау жылу электр орталығы» ағынды суларды тұндыруға арналған резервуарлары бар учаске үшін санитарлық-қорғау аймағын бекітуге қатысты санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының жоқтығын түсіндірді. Бұған дейін “Ақ Жайық” редакциясы кәсіпорынға санитарлық аймақ, әк қолдану және аумақты көгалдандыру жұмыстары туралы ресми сұрау жолдаған болатын. Жауапқа кәсіпорын басшысы Мақсот Аленов қол қойған.

Оның айтуынша, Атырау жылу электр орталығының санитарлық-қорғау аймағы жобалық негіздемеге сәйкес 18 гектарды құрайды. Ал ағынды сутұндырғыш учаскенің көлемі жұмыс жобасы бойынша 8 748 шаршы метр, ал тұзды жер асты суы бар шұңқырды әкпен толтыру аумағы — 50–60 шаршы метр.

Бұл учаске неге бұрын санитарлық-қорғау аймағы ретінде рәсімделмегенін және неге оған бөлек жоба жасалмағанын Аленов былай түсіндірді:

«Аталған учаске бұрын санитарлық-қорғау аймағы ретінде рәсімделмеген. Себебі кәсіпорын бұл нысанды қоршаған ортаға немесе халық денсаулығына зиянды әсер ететін көздер қатарына жатпайды деп санаған. Яғни, ластаушы заттардың шығарындылары, физикалық немесе басқа да әсер етуші факторлар болмағандықтан, санитарлық нормалар мен Қазақстан заңнамасына сәйкес бөлек санитарлық аймақ белгілеу қажет емес деп есептелген. Тұрақты шығарындылар мен ықтимал теріс әсер болмағандықтан, осы учаске үшін жеке санитарлық аймақ жобасын әзірлеу қарастырылмаған».

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы кәсіпорынды санитарлық-қорғау аймағы жобасының жоқтығы үшін айыппұл салғаннан кейін, жылу электр орталығы заң бұзушылықтарды жоюға кіріскенін мәлімдеді. Аленовтың айтуынша, қазір арнайы жобалау ұйымымен келісім жасалып, санитарлық-қорғау аймағының жобасы белгіленген тәртіппен әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар редакция кәсіпорыннан өндірістік қалдықтарды көгалдандыруда қолдану қандай нормативтік-құқықтық актілер мен экологиялық стандарттармен реттелетінін сұрады. Біз учаскеде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, қанша ағаш отырғызу жоспарланғанын, қандай қаржы бөлінгенін, кім атқаратынын және болашақ көгалдандыру аумағының көлемін нақтылап беруді өтіндік.

Аленовтың түсіндіруінше, кәсіпорын сөндірілген әкті топырағы сортаңданған және тұзды жер асты сулары шыққан учаскелерді көгалдандыруға дайындау үшін қолданады.

«Бұл жұмыстардың құқықтық негізі – Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 329-бабы. Онда қалдықтарды түзушілер мен иелері қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында қалдықтардың түзілуін болдырмау және оларды басқару шараларын басымдық тәртібімен қолдануға міндетті екені көрсетілген», – деді ол.

Оның айтуынша, қазір кәсіпорын мердігер ұйымды тартпай, өз күшімен дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр: топырақтың жағдайын жақсартып, аумақты тегістеп, тұздану деңгейін төмендетуге әрекет етуде. Бұл жұмыстар кейінгі көгалдандыруға негіз болады.

Болжам бойынша, алдағы көгалдандыру аумағы шамамен 1 гектарды құрайды. Ал қанша көшет отырғызылатыны, нақты мерзімі мен қаржыландыру көлемі дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін және кәсіпорынның бекітілген табиғатты қорғау шаралары аясында анықталмақ.

Редакцияның, шынымен де сөндірілген әк ағаш отырғызуға арналған топырақты дайындау үшін қолданыла ма, әлде бұл өндірістік қалдықтарды заңсыз орналастыру ма деген сауалына Аленов кәсіпорынның әкті табиғатты қорғау мақсатында пайдаланып отырғанын айтты.

«Сөндірілген әктің бір бөлігі жасалған келісімшартқа сәйкес арнайы ұйым – «ЭкоПромKZ» ЖШС‑не утилизацияға беріледі, ал бір бөлігі тұзданған топырақ учаскелерін көгалдандыруға дайындау мақсатында жүргізілетін табиғатты қорғау іс‑шаралары аясында қайта пайдаланылады. Сөндірілген әкті пайдалану заңсыз қалдықтарды орналастыру үшін емес, кәсіпорынның шаруашылық қызметі мен аумақтың жағдайын жақсартуға, топырақтың тұздануын азайтуға және кейінгі көгалдандыруға бағытталған іс‑шаралар шеңберінде жүзеге асырылады», — деп мәлімдеді ЖЭО басшысы.

Аленов Атырау облысы экология департаменті салған айыппұлға да түсініктеме берді.

«Атырау облысы экология департаменті «АЖЭО» ЖШС‑не әкімшілік айыппұл салды. Айыппұл сөндірілген әкті уақытша сақтау алаңына қатысты анықталған ескертулерге байланысты болды. Атап айтқанда, алаңның тиісті түрде жабдықталмауы және белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі — қажетті жабынның болмауы және уақытша сақтау инфрақұрылымының басқа элементтерінің жетіспеуі көрсетілді. 

Кәсіпорын экология департаментінің ескертулерін назарға алды. Қазіргі уақытта сөндірілген әкті уақытша сақтау алаңын экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін жобалық құжаттаманы әзірлеуге мамандандырылған ұйыммен келісімшарт жасау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар алаңға қажетті инфрақұрылым мен жабдық орнатуды қамтиды», — деді ол.

Аленов атап өткендей, кәсіпорын анықталған заң бұзушылықтарды жою және уақытша сақтау алаңын табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына сәйкестендіру бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Еске сала кетейік, Атырау қаласының санитарлық‑эпидемиологиялық бақылау басқармасы ЖЭО‑ны осы учаскенің санитарлық‑қорғау аймағы жобасының болмауына байланысты ӘҚБтК‑нің 425‑бабы бойынша жауапкершілікке тартқан болатын. Айыппұл мөлшері 1600 АЕК — 6 млн 920 мың теңгені құрады.

Атырау облысы экология департаменті кәсіпорынға ӘҚБтК‑нің 344‑бабы («Қалдықтарды басқару кезіндегі экологиялық талаптарды бұзу») бойынша айыппұл салды. Кәсіпорын құқық бұзушылық туралы хаттамамен келісімін бергендіктен, айыппұл қысқартылған тәртіпте — 1 млн 81 мың 250 теңге деп белгіленді.

Сонымен қатар экологтар кәсіпорынға ластанған аумақты тазарту жөнінде нұсқама берді. Департаменттің хабарлауынша, бүгінгі күні бұл талаптар орындалған.

Алайда белсенді Ерлан Абиров аумаққа қайта барғаннан кейін, оның пікірінше, қалдықтарды тек топырақпен көміп жатқанын, ал бұл толыққанды тазарту деп есептеуге болмайтынын айтты. Ол түсірген бейнежазбасын әлеуметтік желілерде жариялады.

ЖЭО тарапынан жауап ретінде: шығарылған сөндірілген әк өндірістік мақсатта, атап айтқанда аумақты ағаш отырғызуға дайындау жұмыстарына пайдаланылып жатыр деп тағы да мәлімдеді.

Абировдың пікірінше, заң бұзушылықтар толық жойылған жоқ. Оның айтуынша, 7 мамырда ол табиғат қорғау прокуратурасына қайтадан арыз жолдаған.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:44

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью